16 тамыз күні Маңғыстауда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін «Ақ Мая Fest» атты шұбат фестивалі өтті. Тұмса табиғатына талайды тамсындырған Айрақты етегіндегі фестивальге 15 мыңға жуық халық жиналды. Оның қатарында Ресей, Франция, Қырғызстан, Англия және Еуропаның бірнеше қалаларынан келген туристтер бар,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Халқымыздың өмір салты, дүниетанымы табиғатпен үндес екенін айғақтаған фестивальде қазақтың ұлттық сусыны - шұбатқа айрықша мән берілді. Табиғи сусын тек дәмі үшін ғана емес, денсаулық пен дәстүрдің жаршысы ретінде кеңінен насихатталды. Қонақтар арнайы дайындалған «Ақ мая Lounge» және «Shubat Bar» аймақтарында шұбаттың сан алуан нұсқаларынан дәм татты. Классикалық қалпынан бөлек, жидек қосылған, жалбыз араласқан және тіпті мұзбен салқындатылған шұбаттың жаңа түрлері ұсынылды. Сонымен қатар, шұбат негізінде жасалған «Shubat Mojito», «Desert Breeze», «White Steppe» тәрізді ерекше коктейльдер де фестиваль қонақтарын тәнті етті.
«Ақ мая Lab» аймағында шұбат дайындау процесін көзбен көріп, тікелей қатысу мүмкіндігі туды. Келушілерге шұбатты қалай дайындау, қандай құрал-саймандар қолданылатыны және оның адам ағзасына тигізетін пайдасы жайында толық ақпарат берілді. Шағын шеберлік сағаттары арқылы әрбір қатысушы ұлттық сусынның дайындалу қыр-сырын меңгере алды.
Фестивальде қазақтың ұлттық ойындары да жиылған қауым назарына ұсынылды. «Steppe Games» аймағында асық ату, садақ ату, гир көтеру сияқты қызықты жарыстар ұйымдастырылды. Ал «Art-Yurta» мен «Shubat Talks» бөлімдерінде киіз үй ішінде лекциялар, стендаптар мен пайдалы шеберлік сабақтары өтті. Мұнда мәдениет, салт-дәстүр, денсаулық пен дұрыс тамақтану туралы пайдалы ақпараттар айтылды. Ауқымды іс-шараға шұбат өндіретін жергілікті фермерлер де шақырылып, ұлттық сусынның дайындалу жолымен бөлісті.
Кеш бағдарламасында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Ерке Есмахан, Raim, Luina, Amre және Yenlik сахнаны әнге бөлеп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әр жанрды біріктірген сахналық шоуда симфониялық оркестр, диджейлер мен рэп орындаушылар өнер көрсетіп, музыкалық кешке заманауи леп қосты.
Кештің шарықтау шегінде Маңғыстау аспанын ерекше таңғажайып көрініске бөлеген дрон шоу өтті. Бір мезетте 300-ден астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстанның туы, Маңғыстау табиғатының көріністері, «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» логотипі мен ұлттық ою-өрнектер бейнеленіп, тамашалаған жұртты таңдай қақтырды.
Шара соңында 100-ге жуық ерікті мен тұрғындар мереке өткен алаңды қоқыстан тазартып, қоршаған орта деген құрметін көрсетті.