Маңғыстауда «Алаш арыстары» сайлау учаскелерін аралап, халық қошеметіне бөленді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында 6 қазан — Референдум күні Алаш арыстарына арналған «Аманат» спектакілін сахналау жоспарланған.
Ел келешегі үшін елеулі күні ұлт көсемдерінің кейіпіндегі әртістер сайлау учаскелерін аралап, тарихи тұлғалардың өнегесін көпшілікке жеткізді.
Сайлау учаскелерінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Мұстафа Шоқай, Жалау Мыңбаев сынды ұлт қайраткерлерінің және өкпе жыр жүйрігі Сүгір жырау Бегендікұлының кейіпіндегі өнер өкілдері елдің саяси бағдарын айқындайтын маңызды науқанға қолдау көрсетті.
Дауыс берушілер «Алаш арыстарымен» суретке түсу мүмкіндігіне ие болып, өткен тарихқа ой жүгіртті.
— Алаш айбынын асырған арда тұлғалар болмысы сайлаушылардың отансүйгіштік сезімі мен азаматтық белсенділігін арттыруға септесті, —дейді маңғыстаулық тұрғын.