Шараға Әнес Сарайдың жұбайы Алтыншаш Жағанова, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылары қатысты.
Әнес Сарай өзі көзі тірісінде баспаға әзірлеп кеткен жаңа еңбек көне тас дәуірі мен Алашорда кезеңі аралығындағы Маңғыстау өлкесінің тарихын қамтиды. Онда Әнес Сарай қазақ хандығының елеулі оқиғаларына, адай руының ұрпақтарына, адайлардың басқа рулармен қарым-қатынасына тоқталады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шараға қатысушыларды жинақтың тұсаукесерімен құттықтап, Әнес Сарайдың қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін атап өтті.
– «Адай тарихы» еңбегі адай руы жайында ғана жазылмаған. Онда миллиондаған жылдар бұрын қазақ жерінде орын алған оқиғалар кезең-кезеңімен кірістірілген. Өткенді ұлықтау-өскендіктің белгісі демекші, жас буынға Отанының тарихын, халқының дәстүрін білу шарт. Бұл орайда Әнес ағамыздың еңбегі өлшеусіз. Жаңа жинақ – ел руханиятын дамытуға қосылған тағы бір шығарма, – деді Нұрлан Ноғаев.
