Freedom Inside '26

Маңғыстауда 1905 адам вакцинацияланды

Маңғыстауда 1905 адам вакцинацияланды
Маңғыстау облысына вакциналау басталғаннан бері 8000 доза екпе жеткізілген. Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті, – деп хабарлайды  Dalanews.kz.

Оның айтуынша, өңірде 16 егу пунктінде 7 кабинет жұмыс істеп тұр.

–  «Спутник-V» вакцинасының бірінші компонентінің 4500 дозасы және «Спутник-V» вакцинасының 2 компонентінің 3500 дозасы – 18 градуста барлық сақтық режимдерін сақтай отырып, облысқа жеткізілді, – деді Ғазиз Надуев.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында вакцинацияланған адамдардың саны 1905 адамды құрайды.

– Бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияға қарсы 1 компонентпен 1905 адам, 2 компонентпен 530 адам вакцинацияланды. Атап айтқанда, №1 Ақтау қалалық емханасында (1 комп. –125 адам), №2 Ақтау қалалық емханасында (1 комп. – 630; 2 комп. – 325 адам), "Нейрон" медициналық орталығы (1 комп. – 560; 2 комп. – 205 адам), Түпқараған ауданының орталық ауруханасында (1 комп. – 95 адам), Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында (1 комп. – 25 адам), Бейнеу аудандық ауруханасына (1 комп. – 55 адам), Мұнайлы аудандық ауруханасында (1 комп. – 135 адам). Айта кету керек, Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, – деді Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев.

Ғазиз Надуевтің айтуынша, иммундаудан кейінгі асқынулар мен реакциялар тіркелген жоқ. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық «QazCovid-In» препаратымен вакцинациялау жоспарланған.