Дауыс беруге ұлттық киім киіп баруды ауылдың ақ жаулықты аналары көтерген. Бұл идеяны ауыл жұртшылығы жылы қабылдап, көпшіліктен қолдау тапты.
– Қараңыздаршы қандай әдемі, бәріне жарасып тұр. Ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен асыл қазыналарымыздың бірі – ою-өрнекті ұлттық киім кию – эстетикалық сән ғана емес, халқымыздың мол тағылымды ұлағатын, өнегелі тәлім-тәрбиесін, бай ұлттық болмысымызды насихаттау болып табылады. Осыны жастардың санасына сіңіру ғой басты мақсат, – дейді ауылдағы әжелер кеңесінің төрайымы Ақкүміс Дүйсенбаева.
8 мыңнан астам тұрғыны бар Баянды ауылында 4406 сайлаушы тіркелген. Олар орта мектепке орналасқан қос сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасауда. Сайлау учаскелерінде қазақтың күйлері күмбірлеп, тұрғындардың ұлттық рухын көтере түскендей.
– Ұлттық болмысымызды сақтап қалу – ұлттық тәрбиеден басталады ғой. Осыдан 1 ай бұрын ауыл тұрғындары болып ішімдіктен басы бүтін бас тарттық. Атқарушы билік, құқық қорғау органдары мен ауыл кәсіпкерлері өкілдері алкоголь өнімдерін сатуға және сатып алуға жол бермеу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл қадам қылмыстың азаюына көмектеседі деп үміттенеміз. Қазір ауыл тыныш. Жастар пайдалы істермен айналысуда, – деді ауыл әкімі Дастан Мұраталиев.