Макронның әйелінен таяқ жеген видеосы желіде тарады

Dalanews 26 мам. 2025 13:25

Франция президенті Эмманюль Макронның әйелінен таяқ жеген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ыңғайсыз жайт оның Вьетнамға мемлекеттік сапары кезінде ұшақта болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желіде тараған видеодан ұшақ есігі ашылған кезде Макронның жағынан салып жіберген әйелдің қолы көрінеді. Соған қарағанда ұшақ есігі хаттама бойынша ертерек ашылып қойған секілді. Салдарынан ерлі-зайыптылар арасындағы ыңғайсыз жайт сыртта тұрған журналистердің камерасына түсіп қалып, іле-шала әлеуметтік желіге тарап кеткен.

Ресми Париж аталған жағдайға қатысты әлі түсініктеме бермеді. 

Айта кетсек, Франция президентінің әйелі Бриджит күйеуінен 24 жас үлкен. Макрон әйелімен мектеп жасында танысқан, яғни оған 15 жасында ғашық болған. Ол кезде бай буржуазиялық отбасынан шыққан Бриджит 39-да болыпты. Ол Макронға француз тілі және әдебиеті пәндерінен сабақ берген. Үш баласы бар, банкирдің әйелі болған. 2006 жылы банкир күйеуімен ажырасып, ол Эмманюльға күйеуге шығады. Қазір Бриджиттің жеті немересі бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар