Мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары үшін салықтық шарттарды қайта қарау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Dala News.
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиевтің төрағалығымен өткен «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының отырысында жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер кеңінен талқыланды. Жиынға депутаттармен қатар ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары қатысты.
Отырыста Ерлан Әбдиев жаңа Салық кодексінің әлеуметтік салмағына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістерге сәйкес, салықтық жеңілдіктер алу үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тарту талабы күшейтіледі.
«Бұған дейін жеңілдік алған ұйымдарда небәрі екі мүгедектігі бар адам жұмыс істесе жеткілікті болатын. Ал жаңа кодексте бұл көрсеткіш 10 адамға дейін ұлғайтылды. Қазір елімізде 740 мың мүгедектігі бар адам бар, соның 410 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Алайда олардың тек 100 мыңы ғана жұмыспен қамтылған», – деді депутат.
Жиын қорытындысында депутаттар Үкіметке соңғы 10 жылда салықтық преференция алған ірі ұйымдарға талдау жүргізу жөнінде хаттамалық тапсырма беруді ұсынды. Атап айтқанда, бұл ұйымдарда мүгедектігі бар адамдардың нақты қаншасы жұмыс істейтіні және мемлекеттік қолдаудың тиімділігі бағаланбақ.
Аталған талдау нәтижесіне қарай Салық кодексіне қосымша өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.
