Қазақстанда шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жалақысын көтеру ұсынылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еліміздің шалғайдағы шекаралық ауылдарында өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірқатар шаралар ұсынылды. Бұл бастаманы Мәжілісте өткен ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі дөңгелек үстелде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов көтерді.
Сапановтың айтуынша, шекара маңындағы экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар ауылдарда тұратын тұрғындарға еңбекақыға арнайы үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу қажет.
Сонымен қатар, ол «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында осындай елді мекендерге жұмысқа келген жас мамандарға берілетін көтерме жәрдемақыны үш есе арттыруды ұсынды - 2025 жылы 100 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін (393 200 теңгеден 1 179 600 теңгеге дейін).
Баланың туылуына байланысты төленетін әлеуметтік көмекті де көбейту ұсынылды:
- Төртінші балаға дейін - 38 АЕК-тен 57 АЕК-ке дейін (149 416 теңгеден 224 124 теңгеге дейін);
- Төртінші баладан кейін - 63 АЕК-тен 95 АЕК-ке дейін (247 716 теңгеден 373 540 теңгеге дейін).
Сондай-ақ, шекара маңындағы ауылдарда тұратын отбасыларға, олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан, ай сайынғы жәрдемақы төлеу ұсынылды.
Дархан Сапанов бұл аймақтарда өмір сүру сапасын арттыру үшін:
- Инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған жеке бюджет бағдарламаларын енгізуді;
- Шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастыруды ұсынды.