«Мына жерде кейбір әріптестеріміз айтады, игерілмей жатқан жерлер көп деп. Бірақ біз мынаны ұмытпайықшы, шетелде 5 млн. қазақ бар. Ертең ба, кейін бе, бәрібір ол қандастарымыз елге оралады. Біз осыны ұмытпайықшы, жерді солар үшін сақтап қалайықшы. Осындай ұсыныс бар», - деп атап көрсетті М.Тайжан.
Айта кетейік, жақында ақын Ауыт Мұқибек «Он пайыз жер оралмандарға қалсын!» тақарыбымен ресми хат жазып, оны жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжанға тапсырған болатын. Ол хаттың толық нұсқасы Baq.kz порталы жариялаған.
Астанада өткен жер комиссиясының бүгінгі отырысында өз азаматтарымызға жерді жалға беру мәселесі талқыланды. Осы мәселе аясында бір қолға берілетін жердің шекті көлемі, жайылымдық жерлерді жалға бермеу және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Бүгінде комиссия штабы қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеп қойды.
Соның негізінде Жер кодексінің бір бабына өзгерістер енгізу көзделген. Осыған қатысты саясаттанушы Дос Көшім де өзі басқаратын топтың ұсыныстарын жариялады. Оның ойынша, барлық ауылдық округтардан бір-бір адам жер таратын комиссияның мүшесі болуы қажет.
Ал аудандық прокурор комиссияның жұмысын бақылау отыруы шарт. Отырыс соңында шу шыққанын айта кеткен жөн. Ал журналистерге сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов 10 сотыққа қажетті ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу мәселесінің қаралып жатқанын жеткізді.
Арман АСҚАРОВ