Бүгінде отандық қорғаныс кәсіпорындары дәл осыған ұқсас техниканың бірнеше түрін жасап көрді. ADEX-2022 әскери көрмесінің негізгі бөлігі ұшқышсыз ұшу жүйесіне арналды. Бүгінде әлемнің қару шығаратын алпауыт өндіріс орындары тактикалық қарудың жаңа түрлерін жасауға айрықша мән береді. Яғни, әскери салаға қатысы бардың бәрі мұндай өнімге асқан қызығушылықпен қарайтыны сөзсіз.
Бұл жөнінде «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының басшысы Теміржан Әбдірахманов хабардар етті.
Соңғы кезде әскери қақтығыстарда қолданылып жүрген әскери дрондар, оқ-дәрілер және жоғары дәлдікті көздейтін басқа да қару-жарақ жүйелері соғыс қимылын шапшаңдатып, өте тиімді екенін көрсетіп жүр. Айта кету керек, қазір Әзірбайжан қорғаныс саласы осы әдіске көшіп, жұмысын мейлінше жандандыра түсті.
Тіпті, өз өнімін әлеуеті жоғары шетелдік сатып алушылардың алдында ұялмай көрсете алатын деңгейге жетті деуге болады.
Ұшқышсыз ұшатын құрылғы жасау саласында әлем елдері ішінде Израиль мен Түркия көш бастап тұр. Бұл тұрғыдан Қазақстанның жетістігі аз болса да, болашағы жарқын деуге негіз бар. Оған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы басшылығы да сенім білдіріп отыр.
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір бізде жасақталған бірнеше жоба бар.
«Бұл барлау жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараты, соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ дәлдікті көздейтін ұшқышсыз ұшу аппараты, әуе шабуылына төтеп беретін қорғаныс жүйесін тестілеуден өткізуге арналған жылу ағыны имитаторы. Тіпті, бұл ұшқышсыз ұшу аппаратын зомби-мақсатқа да пайдалануға болады. Болашақта өз өнімімізді экспортқа шығарсақ деген ниетіміз бар», – дейді Т.Әбдірахманов.
Қазір компания өндірістің толық циклын игеріп, алдағы уақытта өнімді сатып алатын сенімді серіктес табуды да көздеп отыр. Айта кету керек, «Қазақстан инжиниринг» компаниясы ұшқышсыз ұшатын дронның үш түрін жасап шығарады. Бұл сағатына 500 шақырымға жететін реактивті қозғалтқышы бар әуе имитаторы. Сондай-ақ, ұшқышсыз ұшатын аппарат зениттік-зымыранды әскери жаттығуы кезінде жауынгерлік есептеуді үйретуде қолданылады. Екінші түрі – «Шағала-М» деп аталады.
«Қазақстан инжиниринг» АҚ мамандарының пікірінше, бүгінде компания Ұлттық қорғаныс университетімен лицензиялық келісімге келіп, өндіріс ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, жақсартуға күш салуда. «Шағала-М» – бақылауға арналған тактикалық құрал. Тіпті, оған қару-жарақты да іліп қоюға болады. Бұл дрон әуе кеңістігінде 4 сағатқа дейін тұра алатын мүмкіндікке ие.
Ал үшінші қондырғы азаматтық мақсатқа арналған. Яғни, оны ауыл шаруашылығы саласында, мұнай-газ өнеркәсібінде, геологияда, іздеу-құтқару операциялары мен мониторингілеу шараларына пайдалануға болады.
«R&D орталығы Kazakhstan Engineering» ЖШС бас директоры Ғани Байсейітов мұның бәрін ҚР Төтенше жағдайдар министрлігі басшысына көрсеткенде, қызығушылық танытып, жақсы қолдауға ие болғанын айтады.
«Қазірдің өзінде біз жыл соңына дейін жасап шығаратын үлгіні сатып алуға ниеттілер шығып жатыр. Бұл кешен екі ұшақтан тұрады. Егер қажет болса, 3-4 ұшақ жасауға болады. Жерүсті басқару станциясы осыған сұранып тұр. Ол Ол катапультсыз іске қосылады. Оның нақты пайдалы салмағы – 8 келі. Айтпақшы, бұл ұшқышсыз ұшатын қондырғы Ұлы Отан соғысы кезінде аты аңызға айналған әзірбайжан ұшқышы Лейла Мамедбекованың құрметіне орай «Лейла» деп аталды», – дейді ол.
Мамандар бұл дрон 3,5 шақырым биіктікке дейін көтеріліп, бес сағат ішінде 160 шақырым сағат жылдамдықпен ұша алатынын жеткізді. Әрекет радиусы 100 шақырымға дейін барады. Осы тұрғыда «Қазақстан инжиниринг» ұжымы бұл қондырғыны отандық күштік құрылымдар мен азаматтық сектор саласында ғана пайдаланылып қоймай, шетелдік сатып алушылар тарапынан да ұсыныс түсетініне үмітті.