Компания Оралдағы «Зенит» зауытын, Петропавл ауыр машина жасау зауытын, «Семей инжиниринг» АҚ-ын, Семей машина жасау зауытын, С.М.Киров атындағы машина жасау зауытын, «Тыныс» АҚ, «Қазақстан авиация өнеркәсібі» ЖШС, «Қазтехнология» АҚ, «Steel Manufacturing» ЖШС, «Мұнаймаш» АҚ, «КИ 811 автомобиль жөндеу зауыты» АҚ, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты, «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС және «Казақстандық Аселсан Инжиниринг Центр» ЖШС, «R&D орталығы Қазақстан инжиниринг» ЖШС және «Қазинж электроникс» ЖШС жұмысын қадағалап, басқарады.
Бұл кәсіпорындардың өнім өндіру санатына кеме жасау, авиация, брондалған автомобилді техника, радиоэлектроника және байланыс, мұнай-газ және теміржол машина жасау, жеке қорғаныс құралдары және IT секторы кіреді.
Ашық дереккөздер мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік үлгілерді негізге алып жасалған жалынды от ұшыратын реактивті жүйе, өзі жүретін миноменттер, доңғалақты жауынгерлік машиналар, радиолокациялық станциялар, 125 мм-лік артиллериялық снарядтар және басқа да әскери техника шығарылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде кибершабуылдардан қорғану және «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасын жүзеге асыруға ақпараттық қауіпсіздік комитеті атсалысса, сондай-ақ ғарыш саласын дамытуға Аэроғарыш комитеті жауапты.
Былтыр күзден бері ҚР Қорғаныс министрлігі «Қарулы күштерді жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бұл жоба әскери техниканы жеткізуді әртараптандыру, командалық кадрлар құрамын көпвекторлы оқыту, ТМД елдері және алыс шет мемлекеттер, соның ішінде әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы НАТО блогына кіретін елдермен жаңа келісімге келу негізінде іске асады.
Dalanews.kz тілшісімен әңгімелескен cарапшы, экономист Төлеген Асқаровтың пікірінше, қазір елімізде әртараптандыру бойынша нақты ілгері жылжу бар.
Мәселен, 2020 жылдың соңында АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанға King Air B300ER Scorpion екі барлау, бақылау ұшағын және соған қатысты жерүсті құралын сатуды мақұлдады.
Ал былтыр мамыр айында Қазақстан президентінің Түркияға барған мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан Инжиниринг» пен «Turkish Aerospace» (TUSAŞ) компаниясы әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Яғни, бұл меморандум «Bayraktar» ұшқышсыз ұшатын аппараты параметрі негізінде «ANKA» барлау және соққы беру ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісін ұйымдастыруды көздейді.
Қазақстан ұшқышсыз ұшу аппараты өндірісін жолға қоятын алғашқы мемлекет атанбақ. Мұнымен қоса, өткен жылдың қараша айында Қазақстанға ұшқышсыз ұшатын үш «ANKA»-ны, сондай-ақ логистикалық тұрғыдан қамтамасыз ету және жердегі басқару станцияларын жеткізу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды.
Айта кету керек, Қазақстанда бұдан өзге отандық ұшқышсыз ұшатын аппаратының әртүрлі үлгісі, атап айтқанда «R&D орталығы Қазақстан инжиниринг» ЖШС базасында азаматтық, соққы -барлау ұшқышсыз ұшу аппаратын жасақтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Соның ішінде «Шағала» барлау ұшағын айтуға болады. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылымында бұл бағыттағы жұмыстарды Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығы жүзеге асыруда.
Қазақстан 2014-2017 жылдары ұшқышсыз ұшатын аппаратты Ресей, Беларуссия, Қытай және Израильден ала бастады. Осы ұшқышсыз ұшатын қондырғы базасында Қытайдың «Wing Loong» көпмақсатты барлау-соққы жасау ұшқышсыз ұшатын аппараты мен Израилден шыққан «SkyLark» тактикалық ұшқышсыз ұшатын аппараты жұмысын қадғалайтын арнайы бөлімшелер құрылды.
Әрине, әскери техниканы әлемнің әр елінен жеткізуді әртараптандыру шаруасы шығынсыз жүзеге аспайды. Мәселен, Қазақстанда «Арлан» дөңгелекті жауынгерлік машинасын шығару үшін алынған африкалық «Marauder» бронетранспортері қарулы күштер құрылымында пайдалануға арналмағаны белгілі болды.
Мұны полицияның қызметін қамтамасыз ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу, шекараны күзету және бітімгерлік мақсаттағы миссияларға қатысу үшін құрастырған екен. Бір айта кетерлігі, осы техниканы өндіруші оңтүстік африкалық «Paramount Group Limited» компаниясы мен мәмілеге қатысқан сингапурлік «Singapore Technologies Kinetics» компаниясы да банкротқа ұшырады.
Нәтижесінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі американдық, француздық және түріктіктердікінен («Cougar H», «Aravis», «Cobra» және «Tiger») әлдеқайда қымбат болса да, жергілікті «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС өндіретін «Арланға» қолдау көрсетуге бет бұрды.
Тіпті, Қорғаныс министрлігі жариялаған мәліметте тағы бір отандық брондалған дөңгелекті «Барыс» машинасын түріктің «АРМА» брондалған дөңгелекті машинасымен салыстыра келе нәтижесіне көңілі толмайтыны жазылған.
Соған қарағанда Қазақстанның Қарулы күштерін жаңа деңгейге көтеру үшін жүйелі шаралар қабылдауға жұмылу керек.
Атап айтқанда, бюджет тапшылығын айтпағанның өзінде территориялық аумағы үлкен мемлекетімізде әскер мен халық саны аз болса да, жаңа қорғаныс технологияларын енгізіп, әскерилерді басқаруға жүйелі қадам жасау керек.