Лениннің мәйітін зерттеген мамандар неге жұмбақ жағдайда көз жұмды?

Лениннің мәйітін зерттеген мамандар неге жұмбақ жағдайда көз жұмды?
ашық дереккөзден

Лениннің мәйітін көріп, оны зерттеу және сақтау жұмыстарына қатысқан бірнеше жоғары деңгейлі маман кейін күмәнді жағдайда қайтыс болғаны туралы деректер бар, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

1924 жылдың қаңтарында Владимир Лениннің дүниеден өтуі Кеңес Одағы үшін үлкен саяси әрі тарихи оқиға болды. Көсемнің өлімінен кейін Кремльде оның денесін сақтау, мавзолей салу және бальзамдау туралы шешім қабылданды. Алайда бұл ғылыми әрі саяси жоба кейін көптеген сауал тудырды. Әсіресе Лениннің денесіне тікелей қатысы болған кейбір мамандардың кейін жұмбақ жағдайда көз жұмуы тарихшылардың назарын аудартқан.

Архивтік деректерде кем дегенде үш белгілі тұлғаның есімі аталады. Олардың барлығы Лениннің денесін зерттеу немесе бальзамдау жұмыстарына қатысқаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған. Кейбір мәліметтерде мұндай адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екені айтылады.

Леонид Красин – инженер, дипломат әрі Лениннің жақын серіктерінің бірі болған. Ол сыртқы сауда халық комиссары қызметін атқарған. Красин ғылым дамыған сайын болашақта адамды қайта тірілту мүмкін болады деп сенген. Сондықтан Лениннің денесін сақтау идеясын қолдағандардың бірі саналады.

Ол профессорлар Розанов пен Вейсбродтың жұмысын бақылаған. Алайда Ленин қайтыс болғаннан кейін екі жыл өткенде Лондонға іссапармен барған Красин келесі күні көз жұмған. Ресми дерек бойынша, оның өліміне созылмалы анемия салдарынан болған инфаркт себеп болған. Дегенмен оның денесінің Лондонда кремацияланып, елге жеткізілмеуі де түрлі сұрақ тудырған.

Тағы бір маман – харьковтық анатом, профессор Владимир Воробьев. Ол Лениннің денесін сақтап қалу жобасындағы негізгі ғалымдардың бірі болған. Оның ғылыми әдістері бұл жұмысқа белгілі биохимик Борис Збарскийдің де тартылуына ықпал еткен.

Воробьевтің өмірбаянында да даулы тұстар болған. 1918 жылы ол неміс әкімшілігі кезінде қызмет етіп, Харьков маңындағы жаппай жерлеу ісіне қатысты большевиктерді айыптайтын қорытынды берген. Осыған байланысты кеңес билігі оны сенімсіз тұлға ретінде қабылдаған. Ал Лениннің денесін бальзамдау жұмысына қатысу оның беделін қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Ғалым бұл міндетті сәтті орындап, Лениннің ағасы Дмитрий Ульяновтың да жоғары бағасына ие болған. Бірақ 1937 жылы Кремль ауруханасында бүйрегіне жасалған операция кезінде қайтыс болды. Ресми мәліметте оның ағзасы наркозды көтере алмағаны айтылған. Алайда дәл сол кезеңде Кеңес Одағында саяси қуғын-сүргін күшейгендіктен, кей тарихшылар бұл өлімге күмәнмен қарайды.

Психолог Аарон Залкиндтің есімі көпшілікке онша таныс болмауы мүмкін. Дегенмен ол да Ленин қайтыс болғаннан кейін жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысқан тұлғалардың бірі ретінде аталады. Кей деректерде Залкинд көсемнің миын зерттеп, белгілі бір дерт белгілері туралы қорытынды жасағаны айтылады. Бұл пікір оның кейбір әріптестері арасында дау туғызған.

Доктор Зерновтың хаттарында Залкиндтің осы мәлімет үшін қысымға ұшырауы мүмкін екені меңзелген. Бір деректе Мәскеуде өткен ғылыми жиын кезінде шетелдік делегация өкілдері Залкиндті сұрағанда, оның қалада жоқ екені айтылған. Көп ұзамай психологтың өлі денесі табылған. Ресми түрде өлім себебі инфаркт деп көрсетілгенімен, бұл оқиға да құпия күйінде қалған.

Осылайша Леонид Красин, Владимир Воробьев және Аарон Залкиндтің тағдыры Лениннің денесін сақтау тарихындағы ең жұмбақ эпизодтардың бірі ретінде айтылады. Бұл оқиғаларда ғылым, саясат және кеңестік құпия жүйенің көлеңкелі тұстары қатар өрілген.

Тарихшылар бұл өлімдер кездейсоқтық па, әлде сол кезеңдегі саяси ахуал мен құпия жобалардың салдары ма деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап таба алмай келеді. Кремль мұрағаттары мен мавзолей тарихы зерттеушілер үшін әлі де толық ашылмаған құпия күйінде қалып отыр.