Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындарын игеріп жатқан, Дональд Трамптың ұлдарымен байланысты Cove Kaz Capital компаниясы АҚШ Қорғаныс министрлігінен қосымша 400 миллион доллар сұрады. Бұл туралы Financial Times басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сөз Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындары жайында болып отыр. Компания бұған дейін АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен Даму қаржыландыру корпорациясынан шамамен 1,6 миллиард доллар инвестиция тартқан.
Егер Пентагон өтінімді қолдаса, Қазақстандағы бұл жобаға бөлінетін америкалық мемлекеттік қаржы көлемі 2 миллиард долларға дейін ұлғаяды.
Басылым дерегінше, тиісті өтініш АҚШ Қорғаныс министрлігінің Стратегиялық капитал басқармасына 2026 жылдың наурызында жолданған.
Бұған дейін Financial Times басылымы АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамп Қазақстандағы вольфрам жобасына қатысы бар компаниялардың үлескері атанғанын жазған еді. Басылым мәліметінше, олар жанама түрде Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру жобасына қатысатын құрылымдармен байланыс орнатқан.
Сондай-ақ жоба бұған дейін АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен Халықаралық даму қаржы корпорациясынан шамамен 1,6 миллиард доллар көлемінде қолдау алғаны хабарланған. Сарапшылар мұны АҚШ-тың стратегиялық маңызды металдар бойынша Қытайға тәуелділікті азайтуға бағытталған қадамы ретінде бағалаған еді.