Лауазымды қызметтер атқарған Қожағапановтың ісі сотқа берілген

Сағыныш Сардарова 20 нау. 2025 12:28 1244

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Сенат дәлізінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Іс аяқталды. Қожағапанов пен мердігер ұйым басшысы сотқа берілді, сот процесі жүріп жатыр. Оларға аса ірі көлемде қаржы жымқыру айыбы тағылған», – деді Құрақбаев.

Оның айтуынша, бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген зиян көлемі 1 миллиард теңгеден асады және шығын өзгеріссіз қалып отыр.

«Сот процесі аяқталуға жақын деп ойлаймын. Қылмыстық баптың санкциясына сәйкес оған 7 жылдан 12 жылға дейінгі жаза қарастырылған. Алайда түпкілікті шешімді сот шығарады. Процесс ашық өтіп жатыр», – деп атап өтті Антикор өкілі.

Ірі лауазымды қызметтер атқарған Қожағапанов не үшін ұсталды?

Былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар нәтижелері бойынша мәдениет және спорт экс-вице-министрі Қожағапановты ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады.

"Коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өнераралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасауды қолданған. Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есеге өсті. Бұл бюджет қаражаты негізсіз жұмсалуына әкеп соқты. Қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған мүлік анықталды және оған тыйым салынды", - деді Антикор өкілі бұған дейін.

Айта кетейік, Ерлан Қожағапанов Астана әкімінің орынбасары, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, ҚР Футбол федерациясының президенті болды.

Сонымен қатар, ҚР премьер-министрі кеңесшісінің міндетін атқарушы, кеңесшісі, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі, Алматы әкімінің бірінші орынбасары болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар