КВН-щик мәдениет қайраткері, «Екі жұлдыз» тәрбие құралы ма?

Dalanews 22 ақп. 2015 08:16 1104

Бүгінде көпшілік Қазақстанда нейрохирургия, биотехнология, физика-химия саласының жоғары деңгейде дамығанын білмейді. Қазір жастарға «қазақ мәдениеті мен өнерінің көрнекті өкілдерінен кімдерді білесің?» десең әнші, КВН-щик, айтыскер ақынның атын атайды. Әрине, көрген көзде жазық жоқ. Күнде кешкісін осы аталған қауым көк жәшікте көлбеңдеп шыға берген соң, көкейге жатталып қалатыны белгілі.

Баяғыда ақпарат құралдары бұқараны мемлекеттің игілігі үшін қандайда бір ортақ мақсатқа бағыттайтын идеологиялық құрал еді. Қазір жағдай басқаша – бәрін көрерменнің патша көңілі шешеді. Көрерменнің тілек-қалауын орындау телеарналардың басты мақсатына айналған. Бүгінде телеарнаның бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін бесіктен белі шықпаған балалар анықтайды. Ол үшін шоу-бағдарламалар арқылы рейтингті көтеру керек. Көрерменнің ой-өрісі мен таным деңгейін көтеру ісі мүлде ұмыт қалған. Телеарна басшылары үшін бұл «Білім және мәдениет» арнасының шаруасы болуы мүмкін. Осылайша телеарналарымыз тұтас бір буынды сауықшыл, бөзөкпе болуға тәрбиелеп жатырмыз. Осы топқа жататын жастардың еңбек етіп, білім алуға қызығушылығы төмен. Олар күнұзақ сауық құрып, ауырдың үсті жеңілдің астымен жүруге бейіл.
Білім ордаларындағы «Екі жұлдыз» жобасының өзі тәрбиеге қайшы дүние. Байқаудың соңғы сынағында бірнеше жұп (қыз бен бала) ортаға шығып, жерде жатқан газеттердің аумағынан шықпай билеуі шарт. Әр әуен аяқталғанда газет бүктеле береді. Ең соңында жігіттер қыздарды құшақтап, көтеріп билейді. Осылайша газеттің үстінде бір-бірімен жанасып, ұзақ билеген жұп жеңімпаз атанады.

Қала мен ауылдағы білім ошақтарына барып, қандайда бір мәдени іс-шараға қатыссаңыз оқушылардың КВН ойнап, айтысып жатқанының үстінен түсесіз. Қазір КВН-дағы әзілдер, айтыстағы орынсыз сындар мәдениеттің өлшеміне айналған. Кейбір аудан әкімдері мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі КВН командасын ұстағанды жөн көреді. Әкімдіктерді былай қойып, қазір әр мектептің өзінің КВН командасы бар. Олар қысы-жазы ел аралап, арзан әзілдерін айтып жүрді. Сонда олар қай уақытта сабақ оқиды? Түсініксіз. Ең өкініштісі, мектеп директорларынан  «оқушылардың тәрбие жұмысы қалай жүріп жатыр?», – деп сұрай қалсаңыз:

– Мектеп қабырғасынан құрылған «Қисықбай» деген КВН командамыз аудандық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдеді орындарға ие болды, – деп директор жорғалай жөнеледі. Бұдан кейін «Екі жұлдыз» жобасы бойынша сайыс өткізіп, үздік жұптарды анықтағандарын мақтанышпен еске алатынын қайтесің. Білім ордаларындағы «Екі жұлдыз» жобасының өзі тәрбиеге қайшы дүние. Байқаудың соңғы сынағында бірнеше жұп (қыз бен бала) ортаға шығып, жерде жатқан газеттердің аумағынан шықпай билеуі шарт. Әр әуен аяқталғанда газет бүктеле береді. Ең соңында жігіттер қыздарды құшақтап, көтеріп билейді. Осылайша газеттің үстінде бір-бірімен жанасып, ұзақ билеген жұп жеңімпаз атанады. Мұндайда ысқырық, айғай шу мектепті жарып жібере жаздайды («қызуқанды «публиканы» мектеп қабырғасынан дайындап жатқанымызды байқаған шығарсыз). Мұны көргенде өзіңді түнгі клубтардағы кештерде жүргендей сезінесің. Кейбір қыз балалар қысылып, биден бас тартуға оқталса, ұлдар жағы өршелене түседі. Газет үстінде билеген екі жас қара терге малшынады. Бұдан кейін жеңімпаздарды марапаттау шарасы басталды. Соңында мектеп ішіндегі құрмет тақтасындағы  «Біздің мақтаныштармыз» деген жерге жұлдызды жұптың сайыс кезіндегі фотосы бір жыл бойы ілулі тұрады. Ал осыдан тәрбиеге қатысты бір жайтты тауып көріңізші? Ештеңе жоқ. Қайта кері тәрбие беру мүмкін. Бесіктен белі шықпаған жастарды жыныстық қатынастарға итермелеп не табамыз. Бұл енді  «Екі жұлдыз» жобасының білім беру саласындағы жетілген түрі.

Жалпы сауықтық бағдарламадан мемлекетке қандайда бір келіп, кететін пайдасы бар ма? Біреулер айтуы мүмкін «КВН-щик жігіттеріміз ТМД елдері арасында көк байрағымызды көтеріп шығып, елімізді әлемге танытып жүр» деп. Осы КВН-щиктер сырт елдерге Қазақстанды келеке еткен әзілдерімен мемлекетімізді танытпай-ақ қойсыншы.

Ақыры айттық қой… Ендеше, мына бір мәселені де айта кетейік. Осыдан біршама уақыт бұрын Ресейдің әйгілі эстрада жұлдызы Жанна Фриске өте қатерлі дертке шалдығып, Қазақстанда емделетіні жайындағы ақпарат тарағанда шоу-бағдарламадан көз алмайтын сауықшыл көрермендер: «Қазақстанда мұндай білікті мамандар бар ма?» деп әлеуметтік желіде бір-бірінен сұрау салғаны есімде. Сол кезде «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Кеннет: «Жанна Фрискенің туысқандары бізде жасалған технологиялар бойынша ем алу мүмкіндігі жайлы сұрады. Әншінің жағдайы өте ауыр. Ол өлім алдында. Бірақ біз оны әкелсе, көмектесуге дайынбыз. Жарнамаламай-ақ қояйық, бірақ оның бетін бері қарата алатын мүмкіндік бізде ғана бар», – дегенде қарапайым көпшіліктің қатарында отырған мен де сене алмадым. «Бізде қатерлі дерттің бетін қайтаратын білікті маман мен замануи технология бар ма? Отандық медицина осылай қарыштап дамып кетті ме? Оны неге телеарналарымыз насихаттамайды?», – деген сансыз сұрақтар әрқайысымыздың санамызды шарлағаны анық. Осылай іштей ойладық та қойдық. Телеарналардың жаңалықтар бөлімдері жалаң сөз бен пафосқа толы сюжеттерін берген болды. Қазақстандық мамандардың қалай көмектесетіні жайында журналистік зерттеу ұйымдастырып, отандық медицинаның жетістігін талдап-таразылаған телеарнаны байқамадық.  Осылайша бірінші кезекте біздер білікті мамандарымызға сенімсіздік таныттық. Бұдан кейін шөпті де, шөңгені де сенсациялық жаңалыққа айналдырып жіберетін Ресейдің ақпарат құралдары «қазақстандық мамандар Жанна қызға көмектесуі мүмкін емес» деган ақпаратты бірінен соң бірін таратып, қарапайым көпшіліктің қазақ медицинасына деген сенімін бір жолата құртты. Ал отандық телеарналар болса, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырып, «қызықты» шоу-бағдарламаларын жалғастыра берді. Қазір сауықшыл көрермендеріміз КВН-щиктердің орынсыз әзіліне екі езуі құлағына жеткенше күліп жатыр. Қашанғы күлер екенбіз….

Нұрлан ЖҰМАХАН.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар