«Күзет қарауылда тұр»: Сара Алпысқызы жатқан аурухана туралы соңғы дерек шықты

Көркем Алдабергенова 06 мам. 2025 09:59 2332

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы — Сара Алпысқызы қазіргі уақытта Алматыдағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Аурухана ғимаратының сыртында күзет қойылған. Ішке еркін кіріп-шығуға немесе түсірілім жасауға тыйым салынған. Ауруханаға емделуге келген кейбір азаматтар Сара Алпысқызын ішкі бөлімшелерде көргенін растаған.

Осы жағдайға байланысты Orda.kz тілшісі ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың баспасөз хатшысы Елена Коэмецке хабарласқан. Дегенмен нақты мәлімет ала алмаған.

– Қазір бізде ешқандай нақты ақпарат жоқ. Өзіміз де ресми хабарды күтіп отырмыз, – деген қысқа жауаппен шектелді баспасөз өкілі.

Редакцияның дереккөздері Сара Алпысқызының денсаулығындағы ақау жасына байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ нақты диагнозы жарияланбаған.

Сара Назарбаевамен жақын араласқан азаматтардың бірі – Қазақстандағы балалар үйлері түлектері қауымдастығының президенті Рафаэль Гасанов. Ол қазіргі кезде Сара Назарбаеваның жанында жақын адамдары мен туыстары бар екенін растады.

– Біз оның қасындағы адамдармен байланысып, сәлем жолдадық. Сара Алпысқызы бізге жақын жан. Ол бізді жақсы таниды. Біз де оның тезірек сауығып кетуін тілеп отырмыз, – деді Рафаэль Гасанов.

Гасановтың айтуынша, ол — Сара Назарбаева негізін қалаған SOS балалар ауылдарының түлегі. Ол Сара Алпысқызының өз тәрбиеленушілеріне жасаған қамқорлығын ерекше жылылықпен еске алады.

– Сара апай жиі келіп тұратын. Сыйлық әкелетін, өмір туралы, адами құндылықтар жайында айтатын. Біз оны «анамыз» дейтінбіз. Ол шенеуніктердің өзі сыйлайтын тұлға болатын. Қазақстанда бала құқықтарын қорғау жүйесінің негізін қалағандардың бірі де — осы кісі. Сондықтан оның есімі әрқашан құрметке лайық, – деді ол.

Оның айтуынша, Сара Алпысқызы бұрынғы тәрбиеленушілерімен әлі күнге дейін байланыс үзбеген. Жақында ғана Рафаэль Гасановқа кітаптар сыйлап, қоғамдық жұмысында сәттілік тілеген.

Қазіргі кезде оның қасында қыздары мен ең жақын адамдары бар. Олар жұртты сабырға шақырып, Сара Алпысқызының сауығып кетуіне үміт артып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар