Павлодар облысының прокурорлары бейнебақылау камераларын тексеру барысында қарт тұрғындардың зорлық-зомбылық көргенін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға Ақсу қаласындағы пансионаттардың бірінде болған. Зардап шеккендердің арасында 84 жастағы қария да бар.
“Оларға үнемі күш көрсетіп, қолдарын қайырған. Ал қыста сырт киімсіз далаға шығарған. Ақсу прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі („Азаптау“) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Барлық кінәлі тұлға анықталды, тергеу барысы ерекше бақылауға алынды”, – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе гарнизонының әскери соты сарбаздарға қорлық көрсеткен 42 жастағы сержантқа сот үкімін шығарған еді.
Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінің взвод командирі екі сарбазды темекі тұқылын жеуге мәжбүрлеп, олардың бірін соққыға жыққан.
Тергеу материалдарына сәйкес, сержант Керімов медициналық рота аумағын тазалау кезінде жерде жатқан темекі тұқылын тауып, оны сарбаздарға жегізген. Біраз уақыттан кейін олардың бірі өзін нашар сезініп, медициналық көмекке жүгінген.
Келесі күні сержант бөлмедегі тәртіпсіздікке ашуланып, сол екі сарбазды қайта шақырып алған. Олардың бірін бірнеше рет теуіп, физикалық жаза қолданған.
Сот барысында Керімов өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Оның айтуынша, сарбаздарға тек сөгіс жариялаған, ал зорлық-зомбылық әрекеттері болмаған. Алайда жәбірленушілердің бірі аталған оқиғаны растады. Ал екінші сарбаз ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
Сот шешімі бойынша сержант 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді.