Алтын өссе, доллар құлай ма? Бұл сауалға танымал сарапшы Айбар Олжай жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 20 күн ішінде 9 пайызға қымбаттаған алтын қазақ еліне 4,2 миллиард доллар алып келген.
"2025 жылдың аяғында біз 47,2 миллиард доллардың алтынын ұстап отырған едік. Енді оның нарықтық құны 51,4 миллиард долларға көтеріліп отыр. Осыған СКВ активтеріне жататын 18,5 миллиард долларды қоссақ, дәл бүгін алтын-валюта қорымыз 70 миллиард долларға жетейін деп тұр. Оған Ұлттық қордың 77,7 миллиард долларын қосайық. Сонда халықаралық резервтеріміз 147,7 миллиард долларға барады. Бұл өте жақсы", - деді ол.
Айбар Олжайдың сөзінше, дәл осы кезде Теңіздегі технологиялық проблемалардан мұнай өндіру көлемі 14 пайызға кеміп қалды деген ақпарат бар.
"Сонда алтын арқылы тапқанымыз мұнайдан жоғалтқан табысымызды жабады. Алтынның бұл жолғы өсуі инвесторлардың доллардың саяси тартыс құралына айналып кетуінен сескеніп отырғандығын аңғартты. Еуропаның Трамптың соңғы шешімдері мен мәлімдемелерінен шок алуы, Гренландияны Даниядан тартып алу бойынша жағаұстатар әрекеттер Брюссельдің болашақта долларлық облигацияларды "токсик актив" деп санай бастауына алып келуі мүмкін. Және ФРС ставкасы тағы төмендесе, доллардың кезекті арзандауы тек коммерциялық фактордан емес, саяси эффекттен де болмақ", - деп тарқатты ол.
Сарапшының пікірінше, мұндай кезде саяси нейтралды актив - алтын күшейеді.
"Ал ақпан айында доллардың әлсіреуі мен кэрри-трейдерлердің қозғалмауынан теңге тағы күшейіп, 500 айналасына барып қалуы - өте реалды картина", - деп түйіндеді ол.
