Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльге жасаған биылғы жорығында АТБ Банк бойынша гарантиялар, Өзбекстанды Еуразиялық Одаққа ресми тартудың мүмкіндіктері мен Иманғали Тасмағамбетовтың болашағы сөз болған. Ресей протоколындағы инсайдер көп ақпаратпен бөлісе алмаса да, осы негізгі үш тақырыпты астарлап жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz Dala INSIDE дереккөзіне сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, Ресейдегі Азия-Тынық мұхит банкі Назарбаевқа қарайды. Кейінгі жылдары банк табысты бола бастады. Биылғы болжам бойынша таза табысы 16 миллиард рубль шамасында болуы тиіс. Бұл 100 миллиард теңгеден асады.
“Назарбаев 2028 жылдан қалдырмай барлық бизнес активтерін Ресейге шоғырландырғысы келеді. Сондықтан Қазақстанның бірінші президентіне Ресейдің санкциядан босағаны аса қажет”, - дейді, DALA INSIDE тілдескен екінші дереккөз.
Айтуларынша, Кремльдегі кездесуде Тасмағамбетовтың саяси болашағы да сөз болған.
“Назарбаев барлық бизнес активтерін Ресейге көшіріп, оларды АТБ Банк төңірегіне шоғырландырып, АТБ Групп дегендей басқарушы холдинг жасай алады. Бұл егер Қазақстанда оның активтері тым қатты қысым көре бастаған жағдайға әзірленіп қойылған сценарий. Путиннен өзі дүниеден өтіп кеткен жағдайда, АТБ-ны талан-таражға салдырмай балаларының иелігінде қалдыруды сұрағаны анық. Егер Ресейге салынған санкциялар жойылатын болса, биыл 20 жасқа толған Тауман Нұрсұлтанұлы банкке иелік етуге дайын. Бірақ қазіргі жағдайда ол өзін Батыс үшін токсик саналатын активтермен байланыстырғысы келмейді”, - дейді, дереккөз.
Назарбаев үшін ең ұтымды вариант – өзіне жақын адамның Қазақстан билігіне келгені болып тұр. Онда бизнесінің барлығын Ресейге көшіріп әуре болмайды. Кремльдегі кешкі кездесуде Тасмағамбетовтың саяси болашағының сөз болуы осы амбициядан туған дүниелер. ОДКБ төрағалығын босатып берген Иманғали Тасмағамбетов Путинге Қазақстандағы келесі президенттік сайлауға қатысамын деген нақты уәдесін бере қойған жоқ. Кремль Тастан бұған қатысты жауабын 2026 жылдан қалдырмай айтуын өтінген деген ақпарат бар.
"Бұл жолы Тасмағамбетов президенттік амбициясынан түбегейлі бас тартуы мүмкін. Соңғы жылдары оның ел басқаруға деген көзқарасы біршама өзгерді. Физикалық белсенділігі, саяси жауапкершілігі көп президенттік жұмыстан көрі оған бос уақыты бар, өзінің сүйікті жазу, архив істерімен айналысқан көбірек ұнап жүр. Сондықтан Қазақстан тарапы беделді халықаралық қордың басшылығын ұсынса, Тасмағамбетов қарсы болмауы тиіс", - дейді, дереккөз.
Бұл жағдайда Кремль өзінің запастағы варианты Мәулен Әшімбаевпен жұмыс істеп көруге тырысады. Мәскеудегі аналитиктер Әшімбаевтың келесі президент болуға потенциалы жоғары деп есептеп отыр.
Кешкі аста Владимир Путин Өзбекстанмен интеграциясын күшейту мәселесін көтеріп, Назарбаевтың осы бағыттағы қолдауын сұраған. Әбішұлының Өзбек президенті Шавкат Мирзиёевке қаншалықты сөзі өтері белгісіз. Бірақ ол уәдені орындауға тырысып, Мирзиёевке қоңырау шалып та үлгерді. Енді Назарбаев Путинмен келесі жылы мамыр айында кездесіп, бір шәй ішуге уағдаласқан. Әбішұлының оған дейін Ресей соғысын тоқтатып, санкциялар қамытын шешеді деген үміті бар.
Бір нәрсені мойындау керек. Назарбаев Путинге ақыл-кеңесін айтқанда, үнемі тезірек бейбіт келісімге келу қажеттігін ескертіп отырады. Жалпы Назарбаев соғысуды жан-тәнімен жек көретін адам. Оған бейбіт заманда өмір сүру, тыныш бизнес істеу, тірліктер мен жобалар жасау қатты ұнайды.
