Көшпенділер ойындарынан сайыс өтті

Dalanews 18 қаз. 2021 09:15 1114

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Төлеби ауданы Ленгір қаласында «Көшпенділер ойыны» атты облыстық сайыс өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының 7 түрінен (жамбы ату, асық ату, қошқар көтеру,  қазақша күрес, аударыспақ, тоғызқұмалақ, арқан тартыс) өткен сайысты аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы ашып, жарысқа қатысып жатқан 14 ауданнан келген командаларға сәттілік тіледі. Стадион аумағына киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дастарқан жайылды.

Сайысқа 14 және 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Дүбірлі додада командалық есеп бойынша Төлеби ауданы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Спорттың жекелеген түрлері бойынша жеңімпаз атанғандарды Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев құттықтаса, командалық есеп бойынша озып шыққандарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов медаль тағып, кубок ұсынды.



Жамбы ату сайысында ІІІ-орынды – Түлкібас ауданы, ІІ-орынды - Арыс қаласы, І-орынды – Төлеби ауданы иемденді. Ал аударыспақта ІІІ-орынды - Отырар ауданы, ІІ-орынды – Қазығұрт ауданы, І-орынды – Төлеби ауданы жеңіп алды. Қошқар көтеруден ІІІ-орынды – Бәйдібек ауданы, ІІ-орынды - Төлеби ауданы, І-орынды – Отырар ауданы алды. Тоғызқұмалақ ойынынан ІІІ-орын – Отырар ауданына, ІІ-орын – Сарыағаш ауданына, І-орын – Бәйдібек ауданына бұйырды. Қазақша күрестен ІІІ-орынды – Түлкібас ауданы, ІІ-орынды – Келес ауданы, І-орынды – Бәйдібек ауданы иемденді.

«Көшпенділер ойыны» атты облыстық сайысында командалық есеп бойынша ІІІ-орынға – Отырар ауданы, ІІ-орынға – Бәйдібек ауданы, І-орынға – Төлеби ауданы жайғасты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар