Министрлік мәлім еткеніндей Шығыстың 6 ауданында (Қатонқарағай, Үржар, Зайсан, Алтай, Риддер және Тарбағатай ауданы) сел жүру қаупі бар.
Аталған аудандардың шекарасына кіретін Сауыр Сайқан, Тарбағатай және Ивановский тауының ұшар басында 150-ге жуық көл орналасқан.
“Осынау учаскілерде бақылауды күшейту қажет, сел мен көшкін қаупі адамдардың өміріне қатер төндірмеуі керек. Осы мақсатта Риддердегі Ивановка тауында орналасқан 4 көлде батиметриялық жұмыс жүргізілді.
Зерттеу нәтижесінде көлдегі су мөлшері қалыпты деңгейде анықталды. Мұздықтардан аққан су көлге кедергісіз құйылып, еркін шығып жатыр. Әзірге 4 көлдің арнасынан асу қаупі жоқ, әйткенмен жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз”, – дейді Төтенше жағдай министрлігі.
Облыстағы “ҚазСелденҚорғау” филиалының басшысы Омарбек Дүзгембаевтың айтуынша көшкіннің алдын алу үшін алдымен ол туралы толық ақпарат жинау қажет.
Батиметриялық зерттеулер осы үшін жүргізіледі. Көлдің аумағын тұтас қамтитын таспаға түсіру жұмысының нәтижесінде апаттың алдын аларлық жоспар жасалады.
Дүзгембаевтың мәліметіне қарағанда қазір ШҚО-дағы қауіпті учаскілерде туристерге арналған 60-тан аса ақпараттық тақта орнатылған, соның ішінде 18-і көшкін қаупі бар аймақтар және 46-сы сел жүруі мүмкін учаскілерде орналасқан.
Десе де Төтенше жағдай министрлігінің облыстағы мамандары көшкін жүретін маусым (15-ші қыркүйек) толық жабылғанған дейін аталған учаскелерді қадағалауды жалғастырады.