Көшербаев қаза болған 5 кеншінің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты

Қаракөз Амантай 02 қыр. 2024 10:36 1770

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, бес адам опат болған KAZ Minerals компаниясының шахталары үшін ШҚО-да жедел штаб құрылған. Әкім олардың отбасына арнайы көмек көрсетілетінін мәлім етті.

“Әр отбасының жағдайы бөлек. Мәселен, бірінің жағдайы жақсы, кейбірінің жағдайы онша емес. Тергеу жұмыстары мен комиссия жұмысы біткен соң, бірге жиналып, балаларды мектепке орналастырамыз. Одан кейін бір азаматтың жұбайы жұмысқа тұрамын деп өтінішін білдірді. Оларды жұмысқа орналастырамыз. Компания жауапкершілігі, тергеу бітсін, сосын белгілі болады”, - деді әкім.

Еске салайық, KAZ Minerals тобы хабарлағандай, Ертіс және Артемьев шахталарында қайғылы оқиға орын алды. 31 тамызда сағат 17:30 шамасында Ертіс шахтасында 4 қызметкердің мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша олар газдан уланған болуы мүмкін. Ал 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу басталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар