Көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Раймбердиева Майра 26 жел. 2024 12:15 481

25 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Халық жазушысы, Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған «Поэзия падишасы» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қуаныш Сұлтанов пен зиялы қауым өкілдері, ақынның туған туыстары қатысты.

Салтанатты шарада алғаш сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:

Бүгін – Фариза апамыздың туған күні. Ақын көзі тірі болса 85 жасқа толар еді. Бүгінгі іс-шараны Ұлттық архивте өткізудің өзіндік мәні бар. Себебі осыдан аз уақыт бұрын Фариза Оңғарсынованың жеке қорынан қолжазбалары мен құнды құжаттар архивке табысталған еді. Мұқағали Мақатев Фариза Оңғарсыноваға арнаған жырында “архивтерден табылармыз…” деген сөз айтып еді. Ақынның алтын қор, асыл мұралары болашақ фаризатанушыларға өлшеусіз азық болып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмір жолын, өшпес мұрасын ұлт болып ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ парыз, - деп салиқалы сөз сөйледі.

Бұдан соң мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Фариза Оңғарсынова «Таңдамалы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры С.Нұрланова ақынның ұлы Алмас Оңғарсыновқа Фариза Оңғарсынованың жеке тектік қорының ашылуын куәландыратын сертификатты табыстады.

Айта кетейік салтанатты жиын аясында Фариза Оңғарсынованың өмір деректерінен сыр шертер құжаттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның өз қолымен жазған отбасылық шежіресі мен өмірбаяны, «Көгершіндерім» өлеңдер жинағынан қолжазбалар, «Дәстүрді білесің бе?» т.б. ой-толғамдары, М. Мақатаевтың 60 жылдығында сөйлеген сөзі, ноталары мен бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттері және хаттарынан жинақталған 50-ге жуық құжаттары қойылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар