Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында 20 жастағы Қазақстан азаматы мейрамханадан ақша қолды етіп, полицияның қолына түсті. Ұры қылмыс орнынан қашқанымен, небәрі 10 минут ішінде ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға таңғы 9 шамасында болған. Жігіт мейрамхана терезесінен кіріп, кассадағы сейфтен 420 мың вон, ал қайырымдылық жәшігінен тағы шамамен 70 мың вон алып кеткен. Теңгеге шаққанда жалпы 191 000 теңге ұрлап кеткен.
Жұмысқа дайындыққа келген мейрамхана иесі бейтаныс адамды байқап қалып, сұрақ қоя бергенде ол ақшаны алып, қашып кеткен.
Иесі артынан қуса да, ұры тар көшелерге кіріп көзден таса болған. Абырой болғанда, мейрамхана иесі жолай полиция патруліне кезігіп, көмек сұраған.
Полицейлер дереу іздеуге кіріскен. Бірі күдіктіні жасыл аймақ арқылы 500 метр бойы жаяу қуса, екіншісі көлікпен алдын бөгеп, нәтижесінде 9:20-да оны қылмыс үстінде ұстады.
Полиция қазақстандық азамат 2024 жылы Кореяға жұмыс істеуге келгенін анықтаған, құрылыс алаңдарында жалдамалы жұмысшы болып істеген. Соңғы уақытта жұмыссыз қалып, моншада түнеген. Тергеуде ол ұрлықты Қазақстанға қайтуға билет сатып алу үшін жасағанын мойындаған.