Көп балалы анаға пәтер сыйлады

Dalanews 03 жел. 2015 03:28 801

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жақындағы жолдауында отандық бизнесті дөңгелеткендердің мемлекетке де пайдасын тигізер кезі келгенін атап көрсеткені белгілі. Міне, Президент айтқан бұл ойды қолдайтындығын танытып, жақында Семейде жарқын іске нүкте қойылды.

Желтоқсанның 1-і Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнінде семейліктер «АҚШЫҢ» тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатына куә болды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Цементшілер кентінен бой көтерген 9 қабатты 128 пәтерлі тұрғын үйді облыстағы алғашқы бірегей нысан деп айтуға әбден болады. Өйткені, ақ кірпіштен қаланған ақшаңқан үйдің алдында футбол алаңы, тұрғындардың көліктерін қоятын автопаркинг, балалардың ойын алаңы және отырып дем алатын алаңқайлар толығымен қамтылған. Ал тұрғын үйдегі бір бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 45 шаршы метр болса, екі бөлмелі пәтер 70 шаршы метр және үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 98 шаршы метрді құрайды.

Мұндай ауқымды істің жүзеге асуына ұйытқы болған ШҚО мәслихатының депутаты, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті Марат Құрманбайдың айтуынша, баспаналардың барлығы да талапқа сай, пәтерге қоныстанушыларға жайлы болуы жан-жақты ескерілген. Құрылыс барысында ең бірінші кезекте баспананың сапалы салынуына баса мән берілген.

Тұрғын үй кешенінің ашылуына орай арнайы сөз алған Қазақстан Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп, үнемі халыққа қажетті шаруаларды атқарып жүретін әріптесі Марат Серікжанұлының еңбегін бизнесмен азаматтар да жоғары бағалайтындығын атап өтті. Яғни, іскерлік қырымен танылып жүрген кәсіпкердің халыққа қолайлы баспана салудағы бастамасы өте құптарлық, өзгелерге үлгі боларлық іс.

– Марат Серікжанұлымен елімізде бизнес қанат жая бастаған кезден бірге жұмыс істеп келеміз, - деді Жібек Төреханқызы.- Ол елімізде жабық базарлар салу бастамасын алғаш болып қолданысқа енгізіп, сонымен қатар базарларды заман талабына сай сауда орталықтарына айналдыруда тағы да бірінші болып өзін көрсете білді. Оның отандық бизнестің ілгері басуы жолында үлгі ететін көптеген істерін көріп жүрміз. Ал бүгін міне, өз қаражатына тұрғын үй салып, тағы да бір үлкен ісімен тәнті етіп отыр. Сондықтан да біз Мараттай азаматты мақтан тұтамыз.

Расында да бірінші кезекте тәукелділік қасиетін танытатын осындай тұрғын үй кешенін салуға батыл кіріскен бизнесмен ілу де біреу. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, жиналған қауым тап осы сәтте тағы бір қуаныштың куәсі болды.

Көп жылдар бойы жатақхананың тар бөлмесінде тұрып келген алты баласы бар ана Мейрамгүл Әбдуәлиеваға Марат Құрманбай өз қолымен 2 бөлмелі пәтер кілтін сыйға тартты. Сөз жоқ, баспана жайы талай жылдан бергі басты мәселесіне айналған ана үшін дәл осы тәулік «ақ түйенің қарны жарылған күн» болды. Пәтер алу жайымен облыс әкімі Даниал Ахметовтың қабылдауында болған ол өтінішінің орындалғанына шексіз қуанышты.

– Мен осы Тұңғыш Президент күнінде елімізде тыныштықты сақтап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, пәтер мәселесімен барғанымда қабылдаған облыс әкімі Даниал Ахметовке, Семей қаласы әкімдігіне және өзінің бастамасымен салынған «АҚШЫҢ» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін сыйлаған Марат Серікжанұлына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбайдың бұған дейін де маған жасаған жақсылық, көмектері көп. Ал бүгін міне баспана алып тұрмын. Тек қана осындай жақсылықтарға жете берейік, - деді ризалығы шексіз көп балалы ана.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесов қала тұрғындарын қалалық әкімдік атынан мерекемен құттықтай келіп, «АҚШЫҢ» тұрғын үй кешенінің аз уақыт ішінде пайдалануға берілуі қала өміріндегі елеулі оқиға екендігін атап өтті.

Ашылу салтанатында сөз алып, Елбасы Жолдауында айтылған жайларды әрдайым назарда ұстанатындығын білдірген «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті Марат Құрманбай өзге де бірнеше отбасыларға пәтер кілтін табыс етті. Сонымен қатар осынау іргелі құрылысты межелі уақытында аяқтап, халық игілігіне беру жолында жұмыла еңбек еткен құрылыс компанияларына алғысын білдірді.

Семейде тағы бір игілікті істің тұсауы кесілді.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,


Шығыс Қазақстан облысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар