Кооператив көпке керек

Dalanews 04 мау. 2020 07:27 1038

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөз бар. Егемендігіміздің алғашқы жылдары сол инені қолға алып, кеңестен қалған құрақтан көрпе жасау керек еді. Әттең!        

Жекешелендіру барысында «ел еншісіне беріледі» деп тілімделген дүниені кооператив құру арқылы қайта жинақтауға, қалыптасқан технологияны бұзбай өндірістік үдерісті әрі қарай жалғастыруға болатын еді. Нарық экономикасы әлем үшін қалыпты үрдіс болса да, бізге оның беймәлім тұстарын ешкім үйреткен жоқ. Осынау бір алмағайып заманда кейбір жылпостар пысықтық танытып өндірістік кооператив құрған-ды. Бірақ, кейіннен олардың «пай жинап бай» атанғаны белгілі болды. Қазір олардың көпшілігі өздерін «аспаннан аяғы салбырап түскендей» сезінеді.

Жекешелендіру нәтижесі жалпы көпшіліктің көңілінен шықпады. Кеңестен қалған жыртысты керегіне жаратқан бұқараның шама-шарқы ұзаққа жетпеді. Өсім беретін малымыз құны көк тиын болып, сабын мен араққа айырбасталып, сарқылып бітті. Сөйтіп, халық қолында соңында жер тіліміне шартты түрде берілген құқықтары (үлестері) ғана қалды.

Үкімет нарық талаптарын түсініп үлгермеген ауыл тұрғындарына «Үлестеріңді заңдастырып не жеке шаруа бол, не болмаса кәсіпорындардың жарғысына құйып құрылтайшылар қатарына кір» деген шарт қойғаны әлі есімізде. Азын-аулақ құралы бар азаматтар шаруа қожалықтарын құрып, жеке кетті. Батылдық пен дербестік таныта алмағандар жер үлестерін кәсіпорындарға тапсырды. Бірақ одан әлі де пайдасын көре алмай жүр.

Осылайша тараған колхоздар мен совхоздардың орнына ауыл тұрғындарының мүліктік пайлары мен жер үлестерінен құралған серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар пайда болды. Жоғарыда айтқандай өз үлестерін беріп, одан ешқандай пайда көрмеген қара халық үйдегі өзінің қосалқы шаруашылығына үміт артты. Бүгінгі таңда осы үй шаруашылықтары Қазақстанда өндірілетін мал өнімдерінің 70%-ға жуығын ешбір технологиясыз және де мемлекет тарапынан берілетін көмексіз беріп отыр. Ал егер оларды заманауи технологияларға тартып мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, үй шаруашылықтарынан құралған кооперативтердің берері де еселеніп, ауылдағы халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілер еді.

Алайда бұл мәселені шешудің әлі де болса жергілікті жерлерге бейімделген сара жолы табылмай келеді. Осы жөнінде әңгіме қозғалса көбі шет елдердің тәжірибесіне жүгінеді. Әрине, олардың кооператив қозғалысын дамытудағы жетістіктері орасан зор. Ондай деңгейге олар бірте бірте, ондаған, тіпті жүздеген жылдар ішінде жетті емес пе? Біз болсақ солардың үлгісін тез арада өзімізге енгізбекпіз. Бірақ оған қоғам дайын ба, жергілікті жерлердегі жағдай шетелдік үлгіні қабылдай ала ма деген сұрақтарға жауап жоқ. Сол себептерден де осы бағытта істелген жұмыс нәтижесіз аяқталуда.

 

Қысқа жіп байлауға келсе де...

Шаруа қожалықтарына қайтып оралайық. Бастапқыда олардың жағдайы көңіл көншітерлік болды деп айтудың реті келмейді. Дөңгелегі болса тракторы жоқ, арбасы болса аты жоқ жаңа агробизнесмендердің алғашқы он-он бес жылы жұмыс құралын қалыптастырып, етектерін  жауып, естерін жинаумен кетті. Бір-біріне тәуелді, кіріптар болғысы келмей, жер алқабы аз болса да әрқайсысы өзіне жеке техника алды. Тірнектеп жиған ақшасы мен несие рәсімдеп сатып алынған құрал-жабдықтың қуаттылығы өндірістегі нақты қажеттіліктен анағұрлым көп болғандықтан, алынған зат бос тұрды. Нәтижесінде шығарған өнімнің өзіндік құны өсіп, экономикалық тиімділік төмендеді. Дәл осы жерде кішігірім шаруаларды да кооператив арқылы біріктіріп жіберудің реті келіп еді... Әттең, оның жолында да нақты әрекет болмады.

Үй шаруашылықтарына қайта оралайық. Кооператив құру бойынша мемлекет тарапынан осыдан он бес жыл бұрын болған соны серпінді жобаны еске алайықшы...

Лизинг пен несие сыйақылары 9 бен 11 пайыз болып тұрғанда «СПК» деген 5 пайыздық жаңа бағдарлама бұлттан шыға келген күндей жарқ ете түсті. Шынын айту керек, бірнеше адам бірігіп сүт жинаймын десе жеңілдетілген тәртіпте берілетін өте арзан несие ауыл арасына тым шикі күйінде кетті. Оның үстіне үй-үйді аралап ешкім насихат жұмысын жүргізбегендіктен бағдарлама туралы ақпарат облыс пен аудандардағы кабинеттерден арыға шыға қоймады. Алаяқтар сыбыр-күбірмен тараған ақпаратты естіп алып, кооперативке кірген адамдардың жалған тізімін жасап, арзан несиені талан-таражға салды. Оның 90 пайызы қайтарусыз қалғандықтан несие беретін ұйым да, ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл тақырыптан ат тонын ала қашты. Бағдарламаның авторларынан «жобаларың неліктен жабылды» деп сұрасаңыз, «шарттары шикі болды» деп мойындаудың орнына «халық бірігуге дайын емес», «бұл утопия екен», «кооператив құру тиімсіз» деп, судырлата жөнелуден тайынбайтын. Кезінде  осындай жауаптары үшін  кейбір азаматтармен жаға жыртысуға дейін бардым.

 

Ештен кеш жақсы

Мамырдың басында COVID-19 пандемиясынан сал (паралич) күйіне жеткен экономиканы қайта қолға алу керектігін тапсырған Президентіміз үй шаруашылықтарына ерекше назар аударды! Бұл енді ауылдағы шаруа баққан ағайынға бірігіп, тірлік етеміз деуге туып тұрған нағыз жұлдызды сәт дегім келеді. Өйткені, Президентіміздің өзі батиқасын беріп, екі тізгін бір шылбырды қолымызға ұстатып отыр ғой. Қыруар қаржы да бөлінеді. Енді не керек? Қалай болғанда да осы күндерде кооператив құруды ақи-тақи сөз етудің нағыз тарихи сәті туып тұрғанын естен шығармауымыз қажет. Тіпті, сөз етіп, найқалып жүріп алмай, білекті сыбанып жіберіп іске кірейік. Өмір талабы, жаһанды жайлаған жайсыз індет бізден осыны талап етіп отырғанын барлық жан-тәнімізбен сезінуіміз керек, ағайын!..

Ендеше, кооперация ауыл тұрғындарына не береді, ол қалай құрылады, ол үшін не істеу керек деген қарапайым сұрақтарға келейік. Бұған дейін де құрмақшы болып едік қой, неге құрылмады деушілер де табылар, оларға да жауап беріп көрелік.

Жалпы кооператив құру мүмкін бе деген сұраққа саясаткерлер мен сарапшылар әлі де нақты жауап таппай келеді. Десе де пікір білдірушілердің басым көпшілігі пессимистер тарапында, сарыуайым соғып кететіні де жасырын емес. Өкінішті! «70 жыл коллективтенуден шаршаған халықтың ұжымдаса жұмыс істеуге құлқы жоқ», «бұл да баяғыдағы колхоздасамыз дегеннің бір түрі ғой... » деген бос әңгімені алға тартып, кооперация жұмысын тежеп жатқандар әлі де жетіп артылады.

Бірақ, 2016 жылы ведомствомызға жаңа басшының келуімен кооперация тақырыбы жандана бастады. Идея да, ниет те керемет. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» бұрын соңды болмаған принципті қолдана отырып, кооператив құрушыларға керемет бағдарлама сыйласа, министрлік инвестициялық субсидия жағын жайнатып қойды. Нәтижесінде Қазақстан бойынша 157 елді мекенде құны 5 миллиондық сүт жинайтын бекеттер орнатылды. Салиқалы несие саясаты мен инвестициялық субсидия сол бекеттердің кооперативтер үшін қолжетімді болуына арқау еді. Сол кездегі басшылардың өжеттілігіне әлі де бас иемін.

 

Әрекет болмаса берекет жоқ

Қоғамды бір идея төңірегіне жинау оңай шаруа емес. Біріктіру жолындағы ең басты шығын уақыт пен жүйке екенін жақсы білеміз. Әр адаммен жеке кездесіп, оған бірігудің тиімді жолдарын тәптіштеп түсіндіру керек. Алайда, әдеттегідей орталықтан басталған бағдарлама жергілікті жерде пәрменділігін жоғалтып алды. Кооперация жалауын жықпаған министрліктің кінәсі жоқ екенін айта кету керек. Бұл жұмысқа әкімдер жауапты болды. Олардың баяғы ақша жетіспейді деген сылтауы мен «бастаймыз, қалғанын көре жатармыз» деген селқостығы жұмыстың берекесін кетірді. Облыс жетекшілерінің қолында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сияқты қаржы институттары болса да, олар бұл бағдарламаға тартылмады. Ақыры әкімдердің халықты кооперативке кіру бойынша насихаттау жұмысы асығыс әрі сапасыз өтті. Ақша қарастырмаған соң үгіттеу жұмысы тәлімін тәжірибеден алған адамдарға емес, әкімдіктің сөйлеуден шаршамайтын мамандарына тапсырылды. Олар болса кез-келген жаңалыққа күмәнмен қарайтын ауыл тұрғындарының бір-екі өткір сұрағына тиісінше дұрыс жауап бере алмай, дегбірі қашып, сөздерінің басы күңгір, аяғы міңгір болып, бастаған істерін аяқсыз қалдырды. «Жоспар қайда?» деп төбеден тоқпақтап жатқан соң кооперативтерді қағаз жүзінде сықитып, құрды да қойды. Сөйтіп, «Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды» болды да шықты. Турасын айтқанда тың шаруа қолға алынбай жатып, аяғы құрдымға кетті...

Сонымен қатар, бағдарламада ауыл адамдарын кооперативке мүше болып кіруге, не болмаса соның қызметін тұтынуға мүдделі ететін, құрамына кіргеннен кейін кооперативті басқару жұмысына жан-тәнімен кіріп кетуге ынталандыратын мүмкіндіктер ұсынылмады. Халыққа ең алдымен сүт сақтайтын орын емес, сол сүтті өндіруге қажет жем-шөптің қолжетімділігі уайым болды. Шабындығы мен астығы мол солтүстік өңірлердің өзінде шөп келісінің бағасы 25 теңгеден асса, арпа келісінің бағасы 60 теңгеге дейін көтерілді...

Екі жыл өте келе кооператив процесінің тамырына қайта балта шабылды. АӨК-ң саясат аренасына қайтып келген «60 мың тонналық алып азаматтар» кооператив жұмысын жалғастыру орнына, алдыңғыларды табалап, «бірлік түбі тірлік» деген ұлы ұғымды түбірімен жұлып тастауды мақсат тұтты. Себебі, бұл жерде тек ірі шаруашылықтардың мүддесі көзделді. Ал олар өз кезегінде ауыл адамдарының бірігіп, кооператив құрып, бәсекеге түсуіне құлықсыз болды. Сонымен қатар, мемлекеттен берілетін субсидия «жетпей қалады» деген тәуекел барда, «Байдың малын байғұс қызғанады» - дегендей оларға артық ауыз – аш құрсақты қош көрмеді. Мегафермаларды ғана мойындайтындардың бар арманы «үй шаруашылықтары» санатын, кооперативке қарастырылған аздаған субсидияны жоюға бағытталды. Ауыз ашсаң, «Ауылдағы мал – ауру таратқыш. Ел арасында жатыпішерлер көп. Жауапкершілік мүлдем жоқ» деген пікірлер көлденең тартылды.

Әділдік үшін айтайын – ол рас, ірі қара малды ауыл тұрғындары шаруашылық деңгейіндегідей технологияға сәйкес баға алмайды. Бірақ, оған көнген халық бар ма? Жалақысы жақсы жұмыс беріп жатсақ бір сәрі... Жағдай жасамадық па – малды үйде ұстама деп талап ете алмаймыз. Ауыл халқы болса кіріс көзін арттырып, жақсы өмір сүруді қалайды. Оларға бар керегі сол. Ал енді осындай жағдайда үй шаруашылығының қолындағы 1,9 млн. бас ұрғашы малды қайтпекпіз? Жылына 1,5 млн. бастан астам бұзау әкелетін әлеуеті бар «үй шаруашылықтарын» ысырып тастап, шетелден мал тасимыз ба, қалай? Меніңше, Президентіміздің соңғы үндеуінде ауыл тұрғындарының бірігу жолын ынталандыратын ерекше бағдарлама керек екендігінің айтылуы бекер емес.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Ондай бағдарламаны біз Ақмола облысы Ақкөл ауданының Азат ауылында жүзеге асыруды қолға алдық. Теориядан нақты іске көшетін кезеңде 1 млн. 700 мың үй шаруашылығын кооперация арқылы дамыту мәселесін кабинет деңгейінде идея жинау арқылы шешуге болмайды. Оған уақыт жоқ. Облыс әкімдері мен құзырлы органдарға біздің тәжірибені қолдану бойынша тапсырма берілсе  жеткілікті. Білгенімізбен бөлісуге біз дайынбыз.

Кооперативіміздің құрылу тарихы

Ең алдымен «ауыл тұрғындарының бірігіп жұмыс істеуі үшін нақты не істеу керек және кооператив құрылған жағдайда, оның тұрақтылығын қалай қамтамасыз ете аламыз?» деген екі сұраққа С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдарының ғылыми көзқарастарымен қатар жергілікті жағдай мен халықтың ойын бір-бірімен үйлестіре отырып, жауап іздедік. Басты білгеніміз – кооператив құруда алғашқы қадамды адам емес, мемлекет не меценат жасауы тиіс. Ия, бұл істің байыбына барып, түсіну қиын. Десе де, осынау заманда «Алдымен қосылыңдар, сосын барып керек-жарақтарыңды алып береміз» деген уәде бос сөз болады. Айтылатын сөз «Мінекей, қажеттеріңе жарататын дүние дайын, келіңдер, пайдасын бірге көріңдер» болу керек!

Қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік. Қаладағы пәтер иелері кооперативтерін (КСК) бір сәт көзге елестетейікші. Мәселен сізге және көршілеріңізге тұрғын үй жертөлесіндегі бос орынды тиімді пайдалануға болады. Кооперативтік дүкен ашсаңыз, көршілеріңіз сол жерден азық-түлікті басқа сауда орындарына қарағанда, кем дегенде 30 пайызға арзан ала алады. Жақсы идея ма? Әрине! Бірақ кешке таман дәліз алдында халықтың басын қосып «Ақша жинайық, не болмаса несие алайық та дүкен құрайық», деп көріңізші. «Жарымес» деген атқа ие боласыз! Оған қоса айта-айта жақсы идеядан өзіңіз де шаршайсыз. Ал енді өзіңіз ақша тауып дүкен ашсаңыз ше? Онда көршілеріңіздің проблемасы сіздің ойыңызға да кіріп шықпасы анық. Өйткені сіз - жеке кәсіпкерсіз. Бұл экономиканың қатал заңдылығы.

Сонда көршілердің арзан бағамен азық-түлік алу қажеттілігін де, сіздің дүкенге жалғыз иелік етіп, бағаны көтеріп дандайсып кетпеуіңіздің де, тұрғын үй жертөлесіндегі орынның бос тұрмай, тиімді пайдаланылуының да кепілі не? Жауап біреу – сырттан келген адал көмек пен батыл қадам! Мінекей, тура осы принципті негізге алып, кооператив құру туралы ойымызды «Самрұқ Қазына» әл-ауқат қорына айттық. Түсінді. Қолдады.

Ендігі кезекте іргелес ауылдардың әлеуметтік жағдайына бейқам қарамайтын, аманатқа қиянат жасамайтын адал да абзал серіктес табу керек еді. Таңдау Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Азат кентінен 6 шақырым жерде орналасқан «Қара Найза» шаруашылығына түсті. Бұл қожалық орта деңгейдегілердің қатарында. Қора-қопсысы қарапайым. Ағаштан салынған. Жұпыны деуге келмейді, жылтырап тұрған жері де жоқ.  Қарапайымдылығынан болар, «Қара Найза» шаруашылығы идеямызды қолдап, кооперативке қажет жер бөліп, үй шаруашылықтарына қызмет көрсету мақсатында құрылған жаңа құрылымға демеуші әрі көмекші болуға келісті. Сөйтіп, 2019 жылдың күзінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің қолдауымен жобамызды қағазға түсіріп, «Самұрық Қазына» қорынан қаражат алып, жұмысты бастап кеттік.

Ең ауыры осы идеяны өз ойымыздағыдай ауыл тұрғындарына жеткізу, түсіндіру болды. Малға қажет сапалы жем-шөпті өсіріп, оны арзан бағамен ауыл тұрғындарына жеткізуге, еркек малды бордақылауға, ұрғашы малды көктемнен қысқа дейін бағып беруге, оларды қолдан ұрықтандырып, ветеринария жағынан қадағалап тұруға дайын екенімізге халықты бірден сендіру оңай емес. Осыны ескере отырып насихаттау жұмысына үлкен мән бердік. Бізге үлкен демеу болған тағы бір жәй – ол серіктес ретінде тартылған «Қара Найза» шаруашылығының сол маңдағы ауыл тұрғындарының алдындағы жоғары беделі болды.

Үгіттеу жұмысын жүргізуге білікті де, білімді, өмір көрген, тәжірибелері мол, халықпен қоян-қолтық араласып солардың тілімен сөйлесе алатын азаматтар тартылды. Олар күзден бастап көктемге дейін қыстың сұрапыл борандарына қарамастан алты ай бойы 13 елді мекендегі әр үйді аралап шықты. Нәтижесінде 1075 адамға сәйкесінше ақпарат пен білім берілді. Мамандар қолдарына қалам мен қағазын алып, кооператив қызметін пайдалану және үй шаруашылығы болып жеке жұмыс істеудің айырмашылығын түсіндіруден жалықпады. Ақыры тамшылап түсіндіру арқылы тасты тесіп шықтық.

Кооператив жұмысында төрт принципті негізге алдық. Біріншісі – қанағат. Кооперативтің өз тұтынушыларына көрсететін қызметтен табатын пайдасы өзіндік құнның 10-15 пайызынан аспау керек. Екінші принцип – жауапкершілік пен абырой. Кооператив пен ауыл тұрғындарының арасында жасалатын келісім-шарт сенімді болу үшін берген уәдені бұлжытпай орындау қажет. Мысалы, бағуға алған мал жоғалса, орнына дәл сондай мал қою немесе құнын әділ бағамен уақытында өтеу. Үшінші принцип – технологияны дәріптеу. Бордақылау да, өрісте өсіру де заманауи талаптарға сай болуы шарт. Ауыл тұрғыны шаруашылық жағдайында өсірілген малдың күйі үйдегі малмен салыстырғанда бірнеше есе жақсы болатынын сезсе ғана кооперативке қызығушылық пайда болады. Төртіншісі – ауыл тұрғыны үшін табысты ұлғайту мүмкіндігінің болуы. Яғни, мал өткізумен ғана шектелмеу. Әрі қарай, кооперативтің көмегімен арзан несиеге қол жеткізіп, оған қосымша мал алып кооперативтің қызметін пайдалану арқылы кіріс көлемін еселей беру. Бұл енді алдағы күндерімізге маңдай түзеген темірқазық жоспарымыз.

Осыдан бір жыл бұрын идеямды түсіндірген кезде адамдар «Қолындағы бар малды кооперативке тапсырып қойып, ауыл тұрғыны не істемекші?..» деп күлген еді. Мінекей, уақыттың өзі дәлелдеп шықты. Кооперативке малын сеніммен тапсырып, қолы толық босағандардың бір бөлігі аудан орталығында жұмысқа орналасса, екінші бөлігі бау-бақшамен айналысып кетті. Кіріс көзін барынша ұлғайту деген осы емес пе?..

Сонымен бағанадан тоқып отырған өрмегіміздің тоқ етері - іріленгеннің ісі ірі болады. Кооперативке біріккеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Тіпті, әріден алсақ, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көресің» дегендей, мынау жойқын індет аузын айға білеген мемлекеттердің өзін теңселтіп жатқанда оңаша қалып алысқа бару қиын. Не болса да бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қиындыққа қарсы тұрғанымыз жөн екені  даусыз.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, «Кооператив құру арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру» жобасының жетекшісі, Қазақ радиосындағы «Аграрлы Қазақстан» хабарының жүргізушісі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар