Конституция түбегейлі жаңарады: 84% мәтінге өзгеріс енгізіледі

Самал Асқар 29 қаң. 2026 16:21

Қазақстан Конституциясын жаңарту аясында Негізгі заңның 77 бабы қайта қаралып, мәтіннің 84%-ы өзгереді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, Конституцияға енгізілетін түзетулердің бірыңғай жобасы әзірленген. Жаңа редакцияда Кіріспе, 11 бөлім және 104 бап болады. Екі жаңа бөлім енгізіледі: «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Тағы төрт бөлімнің атауы өзгереді.

Бақыт Нұрмұханов бұл өзгерістер Конституцияның тұжырымдамалық негізін түбегейлі жаңартатынын атап өтті.

«Ұсынылған түзетулер адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтеді. Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, біртұтас мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы айтарлықтай өзгереді», деді ол.

Жобада бірпалаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері кеңейеді, құқық қорғау механизмдерінің тиімділігі артады және Конституциялық соттың рөлі күшейеді.

Сондай-ақ Конституцияның кіріспе бөлімі толық жаңарып, неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде бекітіледі. Халық кеңесі барлық азаматтың мүддесін білдіретін институт ретінде айқындалады. Ал мемлекеттің біртұтастығы, аумақтың бөлінбейтіні мен қол сұғылмайтыны туралы норма өзгеріссіз қалады.

Жиында құжатпен заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтары да қатар жұмыс істеп жатқаны айтылды. Мақсат – құқықтық нормаларды дәл әрі екіұшты мағынасыз тұжырымдау.

Комиссия жұмысына өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та қатысып, жекелеген секциялық талқылауларға атсалысып жүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove