Конгода Эбола жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты

Конгода Эбола жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты
ашық дереккөз

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты. Аурудың таралу аумағы кеңейіп, індет елдің тағы бір провинциясында тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ресми мәлімет бойынша, елде Эбола вирусын жұқтырудың расталған жағдайлары 7 022-ге жеткен. Індеттен көз жұмғандар саны 3 398 адамды құрады.

Соңғы жағдай елдің солтүстік-батысындағы Оңтүстік Убанги провинциясында анықталған. Бұл өңір індеттің негізгі ошағынан едәуір қашық орналасқан. Науқас ретінде 23 жастағы ер адам тіркеліп, ол қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде Бундибугио штаммындағы Эбола вирусын жұқтырғаны белгілі болды.

Биліктің мәліметінше, азамат 10 шілдеде Шығыс Конгодағы Оңтүстік Киву провинциясынан шығып, біраз уақыт шетелде болған. Кейін елге оралып, Оңтүстік Убанги өңіріне барған.

Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері науқаспен байланыста болған адамдарды анықтап, бақылауға алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың жаңа аумақтарға таралуы эпидемияға қарсы күресті күрделендіріп отырғанын мәлімдеді. Ұйым мамандарының айтуынша, білікті кадрлардың, жергілікті серіктес ұйымдардың және қаржыландырудың жетіспеуі жағдайды қиындатып отыр.

Мамандардың бағалауынша, Бундибугио штаммынан туындаған қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасының тарихындағы ең ірі әрі ең өлім-жітімі жоғары Эбола эпидемиясына айналды. Ол ауқымы жағынан 2018–2020 жылдардағы індеттен асып түсті.

Әлемдік статистика бойынша қазіргі індет ауру жұқтырғандар саны жөнінен тек 2014–2016 жылдары Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде болған Батыс Африкадағы Эбола эпидемиясынан кейінгі екінші орында тұр. Сол кезде вирус 28,6 мыңнан астам адамға жұғып, 11 мыңнан астам адамның өмірін қиған болатын.