Колледж мұғалімі жұмыс орнында директор тарапынан психологиялық қысым көргенін айтып, болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, оқиға жұмыс уақытында әріптесті құттықтау кезінде басталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұғалімнің сөзінше, ұжым ішкі дәстүр бойынша әріптесін құттықтау үшін директордың кабинетіне жиналған. Алайда құттықтау шарасының орнына директор жанжал шығарып, айқайлап, қызметкерлерге агрессия танытқан.
Оның айтуынша, осы кезде директор ешқандай заңды негізсіз оны әріптестерінің көзінше қорлап, дауысын көтеріп, негізсіз айыптаулар айтқан. Мұғалім директордың айтқан сөздері бейнежазбаға түскенін атап өтіп, олардың шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.
«Бейнежазбада айтылған барлық мәлімдеме – жала. Олар шындыққа сәйкес келмейді», – дейді ол.
Мұғалім директорға өзінің жүктілігінің бесінші айының ортасында жүргені жақсы белгілі болғанын айтты. Соған қарамастан, директор, оның айтуынша, психологиялық қысым көрсетіп, қорлау мен агрессивті сөздер айтқан.
Ол мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, әсіресе жүкті әйелдерді қысымнан, кемсітуден және қолайсыз еңбек жағдайынан қорғауға бағытталған нормаларды өрескел бұзу екенін атап өтті.
Мұғалімнің сөзінше, бұл жағдай бір реттік оқиға емес. Оның айтуынша, колледжде жұмыс істей бастаған уақыттан бері директор тарапынан жүйелі түрде жеке басына қатысты теріс көзқарас байқалып келеді.
«Бұл көбіне көпшілік алдында қорлау, талқылау және тіл тигізу арқылы көрініс табады», – деді ол.
Оқиға салдарынан мұғалімнің денсаулығы күрт нашарлаған. Оның айтуынша, қан қысымы алдымен 150/100-ге дейін, кейін 144/93-ке дейін көтерілген. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырылған.
Мұғалімнің айтуынша, өзі күйзеліс жағдайында жылап отырған кезде директор кабинетке кіріп, қысымды жалғастырған.
«Ол маған: “Аңырама, қой дедім, үніңді шығарма” деді. Бұл сөздер жағдайымды одан әрі ушықтырды», – дейді ол.
Оның айтуынша, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінгеннен кейін ғана директордың сөйлеу мәнері өзгерген.
Қазір мұғалім жүктілікті сақтап қалу үшін медициналық бақылауда жатыр. Оның айтуынша, дәрігерлер жоғары қан қысымы мен жағдайының нашарлауын жұмыс орнында болған күйзеліс салдарымен байланыстырып отыр.
Мұғалім бұл жағдайды Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, басшыларға қойылатын кәсіби этика нормаларын және өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты конституциялық құқықтарын өрескел бұзу деп санайтынын мәлімдеді.
