Көлікпен ту ұстап жүргендерді тоқтатқан полицейлер қызметтен қуылды

Көркем Алдабергенова 18 жел. 2025 18:06

Көлікпен ту ұстап жүргендерді тоқтатқан полицейлер қызметтен қуылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тәуелсіздік күніне орай өткен мерекелік шаралар кезінде әлеуметтік желі қолданушылары көліктерін мемлекеттік тумен безендірген жүргізушілерді жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқанын жазған еді.

Осы жайтқа байланысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме беріп, мемлекеттік туды көлікке ілу заң бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті. Алайда министрлік мәліметінше, кейбір азаматтар мерекелік күндері жол қозғалысы ережелерін бұзып, өзге қатысушыларға кедергі келтірген және көшелерді жауып тастаған.

Сонымен қатар ІІМ көліктерді заңсыз тоқтату фактілері бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде, республика бойынша полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің 82 өрескел бұзушылығын анықтап, жолын кескен.

Министрліктің мәлімдеуінше, тексеру барысында Алматы мен Шымкент қалаларында бірқатар жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз, құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілгені белгілі болған.

Аталған деректер бойынша сегіз полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оларға ескерту және қатаң сөгіс жарияланған, оның ішінде басшылық құрам өкілдері де бар. Тағы төрт қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды.

ІІМ азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар