Биыл Қазақстанда қыс қарсыз өтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қуаңшылық жылдары дәнді дақылдардың өнімділігі 15–30%-ға төмендейді, ал солтүстіктің кейбір өңірлерінде бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай жағдайда фермерлерге қандай көмек қажет? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, Қазақстан Жастар парламентінің су мәселелері жөніндегі президенті Қуаныш Өзбеков жауап берді.
Орта есеппен қар жамылғысы көктем басында топырақтағы ылғал қорының 30–40%-ын қамтамасыз етеді. Сондықтан фермерлер ылғалды үнемдейтін технологияларды қолдануы қажет. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәсілдер қуаң маусымда өнімділікті 10–20%-ға арттырып, жанар-жағармай шығынын 2–3 есе қысқартады.
Сонымен қатар шығыннан қорғанудың бір жолы – қуаңшылыққа қарсы индекстік сақтандыру. Ол үшін белгілі бір аймақтағы салыстырмалы ылғалдылық немесе NDVI индексі пайдаланылады. Егер ылғалдылық белгіленген деңгейден төмен түссе, өтемақы автоматты түрде төленеді. Бұл классикалық сақтандыруға қарағанда ыңғайлы, өйткені акт, фото жинап, залалды дәлелдеудің қажеті жоқ.
Агросақтандыру корпорациясының мәліметінше, 2023–2024 жылдары индекстік сақтандыру бойынша бір гектарға орташа өтемақы 15–25 мың теңге болған. Ал кейбір қуаң аудандарда бұл сома гектарына 35 мың теңгеге дейін жеткен.
