Көктем келді, кенеден сақтаныңыз!

Dalanews 27 сәу. 2017 06:34 1312

 

Күн жылынған мезгілде далаға немесе тауға демалысқа баратын отбасылар мен жастар саны артатындығы белгілі. Осы мезгілде қыс бойы ашыққан кенелер күн жылына қорек іздеп, зияны тек жануарларға ғана емес, адамға да зор қауіп төндіреді. Негізінен кенелердің қауіп төндіру кезеңдері жыл мезгілінің көктем айларынан бастап жаздың соңғы айларына дейін ұласады.

Кененің негізгі қорегі – қан. Теріге орнығып алған кенені арнайы әрекет жасамай бірден түсіре қою оңай емес. Оның өзі теріден ажырап шығып кету үшін қарын толыққанды тоюы керек.

Кене - кенелік энцефалиттің табиғи резервуары болып табылады. Кенелік энцефалит - орталық жүйке жүйесінің жедел вирусты ауруы, эндемиялық табиғи ошақтарда трансмиссивті (кененің шағуы) немесе алиментарлы жолмен (инфекцияланған сүт) арқылы жұғады.

Кенелік энцефалитті таратушы иксодтық кенелер, ал кенелік энцефалиттің қоздырғышы вирус болып табылады, оның көлемі 20-30 нм. Ауруды жұқтыру кененің қан сору кезінде болады.  Трансмиссивті түрінде вирустың кіру жолдары терінің беткі қабаттарындағы қан тамырларында вирустың тез көбеюіне байланысты оның депосы пайда болады. Гематогенді жол арқылы вирус бас миына жетеді де сол жерде ошақ түзеді.

Аурудың белгілері жедел түрде дене қалтырауы және дене қызудың 37-39 ºС дейін  көтерілуімен қатар бастың қатты ауруы, жалпы әлсіздік, бұлшық ет пен буындардағы ауру, жарықтан қорқу (жарық бас ауруына және жалпы жағдайының төмендеуіне алып келеді) сезімімен байқалады.

Бұл кезде безгектік көріністер 4-5 тәулік ұсталып, кейін уақытша жоғалады. Екі аптадан соң қайта өрбиді. Олар мойын бұлшық еттерінің қатаюмен, құлақтың есту қабілеті төмендеп, есінен танулары байқалады. Жиі иық аумағы мен көзішілік қанталауы байқалады.

Ауруларда енжарлық, ұйқышылдық, қажулар және тәбеттің төмендеуі байқалады. Кейбір адамдарда ауру жедел қозу немесе тырысу, есінен тану белгілерімен көрінеді. Кене энцефалиті адамнан адамға жұқпайды, кене энцефалитімен ауырған адам қоршаған ортаға қауіпті емес. Аурудың асқынуы кезінде адамның қол-аяғы салданып, мүгедектікке әкеледі.

Кенелер адамдар мен жануарларға қан сору мақсатында ғана шабуылдайды, сондықтан оларды дер кезінде табу және теріден дұрыс тұмсығымен қоса алып тастау адам денсаулығы мен өмірі үшін маңызды болып табылады.

Сондықтан кене энцефалитінен сақтау үшін кенелерден қорғану жолдарын есте сақтауымыз қажет. Ең алдымен адам тауға немесе далаға шыққанда мынадай сақтық шараларын ұстануы қажет:

  • киген киімі ашық түсті, ұзын жеңді, жағасы мен етегі денеге тиіп тұруы қажет. Шалбары міндетті түрде етік ішіне салынған, басына міндетті түрде бас киім немесе орамал тағып, ұзын шаштарын бас киім ішіне жасырғаны жөн;

  • кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалану; кенелер ашық ағаштар мен қалың шөптер арасында жасырынатындықтан, өзіңізді ол жерлерден аулақ ұстауға тырысыңыз;

  • ормандық жерлерде, жол торабындағы ағаштар мен шөптерді жұлмаңыз, себебі кенелерді өз үстіңізге сілкіп аласыз; серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз (шаш арасын, қолтық және шап аймағын), шашыңызды тарақпен тараңыз;

  • денені қарау кезінде киімдеріңізді қарап шығуды ұмытпаңыз. Кене адам терісіне отырған соң жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз кене шағудың алдын алуға болады;

  • шөп жинау кезінде кенелердің шөп арасында қыстайтынын есте сақтаңыз; ешкі және сиыр сүтін міндетті түрде қайнату керек, себебі сүт қоздырғышпен залалдануы мүмкін.


Ал далада немесе тауда кене шақса мынандай әрекеттерді жасаңыз: қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса өздігінен шығуын бақылау (егер далалық жағдай болса) немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек (елді мекенге жақын тұрсаңыз). Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен өңдеу керек. Бұлай істейтін себебіміз кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған  кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқаныңыз жөн.

Теріден алынған кенелерді қоздырғыштың бар жоғын анықтау үшін зертханаларға жеткізу қажет.

Есте сақтайтын қағидалар: ешқашан терідегі кенені сықпаңыз, өйткені кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар. Тіпті қолдың ашық жаралары немесе сәл тыртықтар арқылы жұқтыруға болады; кенені жұлмаңыз, өйткені жұлу кезінде кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді; кенені тіспен жұлуға болмайды, қоздырғышты жұқтыру қаупі жоғары.

Кенені алып тастағаннан кейін 3 апта бойына өз денсаулығыңызға ұқыппен қарауыңыз керек, егер ауру белгілері біліне қалған жағдайда мысалға дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және әлсіздік байқалған жағдайда дәрігерге қаралуыңыз қажет.

Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биофизика және биомедицина кафедрасының доценты, биология ғылымдарының кандидаты Көшкімбаев Қаршыға өзінің көп жылдық қансорғыш жәндіктерді зерттеген тәжірбиесіне сүйене былай дейді «Қазақстанда кенелердің 230 дан астам түрі бар, олар еліміздің барлық жерлеріне, барлық экожүйелеріне таралған. Қазіргі көктем мезгілінде мал мен адамға қаупті кенелердің бірі дене тұрқы 1 мм ден үлкенірек нәзік бас деп аталатын тері кенелері. Ол жануарлардың терісіне жабысып, қанын сорады. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығына зиянды «Қансигек» ауруының таралуына алып келеді. Оның басты белгісі кене шаққаннан кейін дене темпаратурасының жоғарлауы, ас қорыту және қантамыр жүйесінің бұзылуы себеінен қан сиеді, мал әлсірейді. Үйінде үй хайуанаттарын бағатындар мен көктемде табиғатқа шығып демалушылар үшін де бұл кенелер аса қауіпті».

әл–Фараби атындағы ҚазҰУ,

биофизика және биомедицина

кафедрасының доценті

м.ғ.к., Тусупбекова Г.А.,

аға оқытушы  Ph.D, Ыдырыс Ә.,

аға оқытушы  Уршеева Б.И.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар