Көкшетаудағы ең ірі жолаушы тасымалдаушы компания қызметкерлері жалақының кешіктірілуіне байланысты жұмысқа шығудан бас тартты. Соның салдарынан бүгін таңертең қалада қоғамдық көлік қозғалысы қиындап, бірқатар бағыттағы автобустар желіге шықпаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan мәліметінше, "Көкшетау автобус паркі" ЖШС-нің жүргізушілері мен кондукторлары бұған дейін кәсіпорын басшылығына ұжымдық өтініш жолдаған. Олар 15 шілденің соңына дейін жалақы толық төленбесе, 16 шілде күні жұмысқа шықпайтынын ескерткен. Қызметкерлер айтқан талаптарын орындап, бүгін автобустарды бағытқа шығармады.
Ұжымдық үндеуде жүргізушілер мен кондукторлар жалақыны көтеру мәселесін ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқанын атап өткен. Олардың айтуынша, қазіргі табыс көлемі отбасының күнделікті қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді.
Автобус паркі басшылығы жалақының кешігуін мемлекет тарапынан берілетін субсидияның уақытында түспеуімен байланыстырған.
Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұжымға берген жауабында тасымалдаушылар алдындағы субсидия қарызын қарастырылған қаржы көлемінде жақын арада өтеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Тасымалдаушылар алдындағы міндеттемелердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету және тұрақты қалалық бағыттардың жұмысында үзіліс болдырмау мәселесі тұрақты бақылауда. Қаржыландыру мәселелерін шешу және қалалық жолаушылар тасымалы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр", – делінген ресми жауапта.
Алайда бұл жауап жүргізушілер мен кондукторларды қанағаттандырмағанға ұқсайды. Егер тараптар жақын арада ортақ келісімге келе алмаса, Көкшетаудағы қоғамдық көлік дағдарысы ұзаққа созылуы мүмкін.