Көк туды аңсау және Лобнордағы жойқын жарылыс

Dalanews 22 жел. 2016 11:50 928

 

 

(археолог күнделігінен)

Ол күндер менің жадымда мәңгілікке сақталып қалған. 1992 жылдың мамыр-маусым айлары. Кезекті археологиялық экспедиция құрамында қазіргі ҚХР ШҰАР өлкесінің Тұрфан шұратының оңтүстік-батысындағы Қарашахарға таяу Аргибулақ аңғарында, Субашы деген жерде қазба жұмыстарын бастап кеттік. Онда мемлекеттік маңызы бар ірі тас жол магистралі салынып жатқан. Сол құрлыс түсетін жол бойында бірсыпыра көне мәдениет ескерткіштері нысаны сақталған. Сол нысандардың бірнешеуінде біздің экспедиция құтқару сипатындағы қазба жұмыстарын жүргізді.

Қазба жұмысы кезінде айқындалғанындай, біздің ең бірінші зерттеуге алған нысанымыз ХІХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Цин империясының атақты әскери қолбасшысы, Ганьсу провинциясының губернаторы, генерал  Цзо Цзунтанның  Иеттишахар (Шынжаң деп аталмай тұрған кездегі Шығыс Түркістан, яғни Қашғария, Шынжаң атауы 1884-ші жылы берілді – С.С.) ханы Яқұпбек армиясымен соғысқан кездегі бір әскери казармасының ескі жұрты болып шықты. Қазба кезінде ескі жұрттан қару-жарақтың, тұрмыстық заттардың, киім-кешектің, апиын шегетін қорқордың және т.б заттардың қалдықтары, сондай-ақ қытайша, ұйғырша-шағатайша қағазға жазылған хаттардың жыртық жұрнақтары көп табылды.Тасқа бәдізделген қытайша ескерткіш тақта да табылды. Әрине, бұлар бір ел тарихының тарихи тағдырының шешуші кезеңін сипаттап беретін құнды заттай айғақтар екені даусыз. Археолог-тарихшы ретінде мені де қатты қызықтырды.     Алайда....мені одан да арман қатты қызықтырар жайт, күндіз ойымды, түнде ұйқымды бөліп, мазалай берген жағдай ол болмады. Ол не десеңіз, Тәуелсіздік алғанына жарты жыл да болмаған Қазақстандағы жағдайлар, жаңалықтар еді. Кішкентай радиоқабылдағышымды күндіз қолымнан, түнде қойнымнан тастамаймын. Сол күндері «Қазақ радиосы», «Азаттық», «Америка дауысының» және т.б. радиолардың  Қазақстан туралы жаңалықтары мен арнаулы хабарлары әлі құлағымнан кетпейді.

(Археолог күнделігінен үзінді): ... «Бүгін күллі Алаш үшін ең бір ерекше мәні бар ұлы күн болған екен. «Қазақ радиосының» бүгінгі кешкілік хабарларына (1992-ші жыл  5-ші маусым) қарағанда, бүгін Қазақ парламентінде Қазақ республикасының тұңғыш елдік нышандары-мемлекеттік туы, елтаңбасы, елдік әнұраны қабылданған. Мемлекеттік ту көк түсті, онда алтын күннің бейнесі, көкте самғап бара жатқан қыран бүркіттің бейнесі түсірілген. Көк түс - Алаш үшін, жалпы Түріктілдес жұрттар үшін де қасиетті де, киелі түс, Көк түрік, көк аспан, Көк Тәңірі дегендей... Ал шұғылалы алтын күн – азаттықтың, құт пен береке, бақыт пен дәулеттің, жақсылықтың рәмізі мен нышаны, қыран бүркіт– байырғы батыр қазақтың рухының символы, мықтылықтың, күштіліктің, батырлықтың нышаны. Міне, енді Алаштың қасиетті көк туы өзге тәуелсіз елдердікімен бірдей БҰҰ-ның алдында желбіреп тұратын болады. Жасай бер, Алаш! Көк аспаның мәңгілік ашық, күнің әрқашан оңынан туып, дамудың асқарына қыран құстай талмай самғай бер!...».

[caption id="attachment_22344" align="alignright" width="375"] Археолог С. Сұңғатайдың өзі жобалап сызған көк туы[/caption]

Мен сол түні көз ілмей таң атырдым десем, артық айтқаным емес. Сол күні таң атпай, алаң-елеңде Субашының құм бархандарын бір аралап шығып, лагерге келіп, сондағы құм төбешікке  отырып, ақ қағазға тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік туының нобайын жобалап сызып шықтым. (Бірінші суретте). Оны таңғы ас кезінде мақтаныш сезіммен әріптестеріме көрсеттім. Олар мені әріптес ретінде ме, жоқ, әлде, шын ниетімен бе, білмедім, мүмкін ұлттық сезімімді сыйлады ма, әйтеуір, құтты болсын айтты. Сонда бір әріптесім тосын сауал тастады: «Сонда қазақтың мемлекеттік туы неге көк түсті, күн мен қыран бүркіт бейнелі болған, мысалы,  ҚХР (Чжунхуа жэньминь гунхэго)-ның  мемлекеттік туы нарттай қызыл, бес жұлдызды ғой », – деп сұрады. Мен оған Қазақтың мемлекеттік туының сипаты мен мәнін жоғарыда жазғанымдай айтып түсіндірдім, ал ҚХР-дың қызыл туы Қытайда жарты ғасырға  созылған азаматтық соғыста төгілген қанның бояуы деп бізге бастауыш мектептен үйреткен жоқ па?»– дегенім бар. Сонда ымға да, дымға да түсінбеген бір әріптесім: «Сонда біздің қанымыз қызыл, қазақтардың қаны көк түсті болғаны ма?» – дегені есімде. Е...еей, өзі білсін.

(Археолог күнделігінен үзінді): ... «Философ-академик, жоғары кеңес депутаты Жабайхан Әбділдин «Қазақ радиосында» бүй деді: "Жалпы, әр нәрсенің логикасы болады. Қазақстанда ана тіл, мына тіл, екі тіл, үш тіл мемлеттік болады деген еш тиянақсыз, тиімсіз пікір, бізде Қазақ мемлекеті ғана бар, онда ешбір өзге ұлттың автономиясы болмауға тиіс, ондай провасы да жоқ, Қазақстан – қазақ халқының мемлекеті, біз Конституциямызға Қазақстанның президенті қазақ болуға тиіс, оның мемлекеттік тілі қазақ тілі болуға тиіс деп жазсақ, оның демократияға нұқсан келтіретін жөні жоқ...(«Қазақ радиосы» 1992-ші жыл  5-ші маусым)".

Субашы – ежелгі Ұлы Жібек жолының бір тармағы өтетін аса маңызды жол өтпе. Тұрфаннан Қашқарға, одан ары Ферғанаға баратын көне сауда керуені мен жорықшы жасауыл қосыны өтетін бірден-бір жол осы. Хань империясының елшісі Чжан Цянь (б.з.д. ІІ ғасыр) жорығы, Тан империясының Атлах (Тараз) шайқасына қол бастап келген генералы Гао Сяньчжидің жасағы, будданың тақуа монахы Сюань Цзанның керуені, ғылым мен білімді, ізгілік пен имани дінді уағыздаған ғұламалар Кумаражиуа, Сынкусәли Тутын да, Махмұт Қашқари да, әйгілі археолог Свен Гедин де осы жолдан өткен. Ал біз ХІХ ғасырдың соңындағы Иеттишахар ханы Яқұпбек пен Дүнген көтерілісінің қолбасшысы Бэй Яньху қосынын жазалаушы Цзо Цзунтан жасақтарының қантөгіс соғыстарынан қалған жәдігерлерді зерттеп жүрміз.

Бір күні әріптесім Ли Цзюнь екеуіміз аңғардың солтүстік жағындағы жотаның бір алаңқайында орналасқан ескі обаны ерекше қызығушылықпен қазба жұмысын жүргізе бастадық. Қызығушылығымыздың себебі, обаның сырты төрт бұрышты етіліп таспен қоршалған екен, сыртқы нобайы көне түріктердің жерлеу ескерткішіне ұқсайды.

(Археолог күнделігінен үзінді): ... «...күн шыжып, қайнап тұр. Ли Цзюнь екеуміз күнқағар шатырдың астында кеңесіп отырдық. Сағат 11-ге таяу шақта кенет бүкіл тау мен жота дірілдеп, теңселіп кетті. Жер сілкінісі болды. Сілкініс ширек минутқа дейін созылды. Лагеріміз орналасқан сай жақтағы  биік жарлар опырылып құлап, шаң аспанға көтерілді. Аман-есенбіз, зардап шеккен жоқпыз.  Кешке таман әріптестеріміз бәріміз радиоқабылдағышымызды қостық. Пекин радиосы да, Үрімші радиосы да тым-тырыс, осындай зор жер сілкінісі туралы еш хабар таратпады. Түнде мен   «Қазақ радиосы», «Азаттық», «Америка дауысы» және т.б. радиоларды қосып тыңдадым. Бәрі белгілі болды. Радио хабары: Кеше Қытайдың батысындағы Лобнор полигонында ірі ядролық жарылыс сынағы өтті. Швейцария қорғаныс мекемесінің берген мәліметінше, жарылыстың қуаты 1000 кило-тонна болған. Бұған дейін АҚШ пен бұрынғы Совет одағындағы ядролық жарылыстардың қуаты 150 кило-тоннадан аспаған....Ертесінде мен Франция халықаралық радиосының қытай тіліндегі хабарларын тыңдадым. Онда бүгін ҚХР-дың сыртқы істер минстрлігі кеше Шынжаң өлкесіндегі Лобнор полигонында ядролық сынақ жүргізгендігін мойындады, жарылыс аумағында жарылыстың тудырған жер бетіндегі сілкініс дәрежесі 7.5 балдық жер сілкінісіне барабар болды, бұл Қытайдың 1976 жылдан бергі жүргізген ең ірі ядролық сынағы болды. АҚШ үкіметі бұл туралы ерекше өкініш және наразылық білдірді. Бұл жолғы жарылыс Швейцария бақылаушыларының айтуынша, 1945-ші жылғы АҚШ-тың Хиросимаға тастаған ядролық бомбасының қуатынан елу есе күшті екен... ».  Менің топшылауымша, біз археологиялық қазба жұмысын жүргізіп жатқан Субашы географиялық кординаты мүлдем құпия сақталатын Лобнор полигонына (Ма лань кешені деп те аталады) 150-200 км келетін жерде орналасқан.

Радио хабары бойынша, сол кезде Қазақ үкіметі де өз елінің іргесінде осыншама жойқын ядролық жарылыс жасағаны үшін ҚХР үкіметіне наразылық пікірін білдірген. Қазақстанның «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы да, «Аттан» қозғалысы да наразылық акцияларын өткізіп, қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас өткеліне дейін ереуіл жасап барғанын білдік. Тағы да сол мамыр айында Қазақ елінің президенті Н.Ә.Назарбаев  АҚШ-қа ресми сапармен барды. Өзінде Совет одағынан мұраға қалған аса қуатты ядролық арсеналы бола тұра, оның зұлмат зардабын әбден тартқан халықтың өкілі ретінде, бейбітшілікті сүйгіш ұлы қазақ елінің басшысы ретінде, әлемдегі ірі ядролық держава елдердің бейбітшілік келісімшарты негізінде осынау зұлмат қарудан өзінің және елінің өз еркімен біржолата бас тартатынын жариялады. Қытай үкіметі де бұл жолғы жойқын жарылыстың белгілі жағдаяттарға байланысты өткенін, ешбір елге сес көрсетпейтінін қынжылыспен мәлімдеді, әрі ядролық жарылыстарға ұзақ мерзімге тоқтай тұруға ресми мораторий жариялады.

Субашы археологиялық экспедициясы осынау екі ірі оқиғамен менің есімде қалды. Біреуі ерекше қуантса, енді бірі жаныңда үрей туғызды. Біреуі жүректі елжіретті, біреуі жүректі қобалжытты. Тәуба, 1993-ші жылы Қазақстанға оралып, көк тудың желбірегенін көріп, қолмен ұстап, жалаулатып сүйіп-сүйсініп, жүрек бір ұлы жұбанышын тапты. Тәуелсіздік күні құтты болсын, баянды болсын!

                                 Сағынтай СҰҢҒАТАЙ, тарихшы


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар