Бүгінде кибершабуыл мен интернет алаяқтықтың түрі жыл сайын күрделеніп, жеке деректерді ұрлау, банк карталарынан ақша шешіп алу және әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұзу фактілері жиілеп келеді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін қандай қарапайым ережелерді сақтау қажет? Dalanews.kz агенттігі осы сауалға жауап іздеп көрді.
Ең алдымен, интернетте тек ресми және қорғалған сайттарды пайдалану маңызды. Әсіресе банк, мемлекеттік қызмет немесе интернет-дүкендердің сайттарына кіргенде олардың мекенжайына назар аудару қажет. Сайттың атауы қате жазылған немесе күмәнді сілтемемен ашылса, жеке деректерді енгізуге асықпаған жөн. Сондай-ақ браузер жолағындағы құлып белгісі мен https қорғалған байланысының бар-жоғын тексеру қауіпсіздікті арттырады.
Екінші маңызды қағида, банк картасының деректерін сайттар мен мобильді қосымшаларда сақтамау. Көптеген сервис төлем картасын кейінгі сатып алулар үшін автоматты түрде сақтап қоюды ұсынады. Бұл ыңғайлы болғанымен, аккаунт бұзылған жағдайда қаржылай шығынға ұшырау қаупін арттырады. Сондықтан төлем мәліметтерін әр операция сайын қайта енгізген әлдеқайда қауіпсіз саналады.
Үшінші ереже, аккаунттарды қорғауды күшейту. Мамандар әлеуметтік желілер мен басқа да сервистерден жұмысты аяқтағаннан кейін міндетті түрде шығып отыруға кеңес береді. Сонымен қатар браузерде құпиясөздерді автоматты түрде сақтаудан бас тартқан дұрыс. Егер бұл мүмкін болмаса, кем дегенде екі факторлы аутентификацияны қосқан жөн. Бұл жүйе парольден бөлек телефонға немесе электрондық поштаға жіберілетін қосымша код арқылы аккаунтқа бөгде адамның кіруіне жол бермейді.
Киберқауіпсіздік мамандарының пікірінше, интернеттегі қауіптен қорғанудың ең тиімді жолы – қымбат бағдарламалар емес, қолданушының сақтығы. Ресми ресурстарды пайдалану, төлем деректерін сақтамау және аккаунттарды қосымша қорғау сияқты қарапайым қағидаларды ұстану жеке ақпараттың қауіпсіздігін едәуір арттырады.
Цифрлық ортада қауіпсіздік әрбір қолданушының өзінен басталады. Сондықтан қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдыру киберқауіптердің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.