Кентауда ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті

Dalanews 23 қаз. 2018 11:57 1325

Кентау қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы болып өтті. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев, қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев және қала әкімдігі аппаратының жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев байыпты баяндама жасап, 9 айда атқарылған жұмыстардың есебін берді.

– Жыл сайын дәстүрге айналған соғыс ардагерлерінің өтініштері түгел қанағаттандырылып отыр. Бірде бір арыз шағым назардан тыс қалған емес. Ардагерлердің тұрмыс жағдайын жақсарту жыл өткен сайын жетілдіріле түсуде.

ҰОС ардагерлері, тыл және еңбек ардагерлері, теңестірілген жандардың денсаулықтарын нығайту мақсатында уақытына шипажайларға жіберіледі. Ардагерлер үйінде егде кісілердің уақытын тиімді өткізулеріне қолайлы жағдай жасалған. Шахмат, шашка, домино, бильярд, тоғыз-құмалақ ойындарын тұрақты түрде ойнауға мүмкіндік бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында киелі жерлерге саяхаттап отырады, – деген Исахан Жұмабайұлы өзге де атқарылып жатқан жұмыстарға кең көлемде тоқталып өтті.

«Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің қалалық кеңесі әрқашан заман ағымымен қатар еңбек етіп, қаланың саяси-әлеуметтік дамуынан тыс қалған емес. Қай кезде болмасын ардагерлерге қатысты мәселелердің дұрыс шешімін тауып, қала әкімдігімен өзара түсіністікте қызмет етуде және бар қызметінде әкімдіктің қолдауына сүйенеді.

Жиын барысында қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері жарыссөзге шығып, өз ой пікірлерін білдірді. Атап айтар болсақ, Орынбасар Қисықов, Жұмабек Қойшиев, Дүйсенбай Пайзиев, Сабыржан Юсупов, Сейдулла Адыршаев кеңестің атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, өзіндік ұсыныстарын білдірді.

Ал, Кентаудың ерекшелігіне тоқталып өткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ардагерлерді елдің ынтымақ, бірлігін сақтауда талмай еңбектенуге шақырды.

– Қаланың абаттандырылғаны ерекше көңіл күй сыйлайды. Кентау халқы келешекке деген үміт артып, жақсы тіршілікке деген қадам басуда. Бұның барлығы жақсылықтың нышаны. Кентау халқының өмірге деген көзқарасы, мәдениеті, кішіпейілділігі мен ізеті жоғары. Кентау бүгін ғана құрылған қала емес. Бұл тарихы терең қала, Кеңес Одағының жақсы жағынан танылмал болған рекордтар қаласы. Ендігі жерде ардагерлер елдің ынтымағы мен бірлігінің берік болып қалыптасуына жұмыла жұмыс істеу керек. Жоқтан барды шығарып, әңгіме айтатын ағалар бар. Оның түкке қажеті жоқ. Сондықтан елдік мәселелерге көп көңіл бөліңіздер, – деді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қала ардагерлерінің мәселесі ешуақытта назардан тыс қалмайтындығын атап өтті.

– Тәлім тәрбие мәселесі, ұлттық құндылықты сақтау, дәріптеу, ұлықтау ісінде облысымыздағы ардагерлер кеңесі өте үлкен жұмыс жасап жатыр. Біздің қаламыздағы ардагерлеріміз өте белсенді. Әрдайым қаланың даму барысын талқылап отырады. Ардагерлеріміз ынтымақта жұмыс жасаса кез келген ауылда, өңірде барлық негізгі мәселелер оң шешімін тауып отыратыны анық, – деді.

Пленум барысында қаладағы қоғамдық істерге белсенді қатысып, елдегі береке мен бірліктің артуына өзіндік үлес қосқан біршама кеңес мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.

 

 

«Dalanews» ақпарат

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар