Кененбай Мәмбеталиев: "Туризм концепциясын кім жасағаны белгісіз, шала-пұла"

Dalanews 13 мам. 2019 11:38 408

Еліміздің дамуына үлес қосып жүрген ғалымдардың арасында шетелде оқып, тың идеялар мен жаңаша көзқарастар ұсынып жатқандар жетерлік. Өкінішке орай, олар туралы бұқаралық ақпаратта жиі айтыла бермейді.

Dalanews.kz «Болашақ» бағдарламасы бойынша Джордж Вашингтон университетінде білім алып келген географ, география ғылымының кандидаты Кененбай Мәмбеталиевті сөзге тартқан еді.

Қазіргі уақта тұралап қалған турзимді, Қазақстанынң туризм саласын қалай дамытуға болады? Тың идея, жаңа ұсыныс, жаңа пікір. Оқып көріңіздер, оқырман, мархабат!

- Қазақстан әлемдегі жер көлемі жағынан ондыққа енетін елдің бірі ретінде туристік потенциалы орасан деп мақтанамыз. Осыған қарамастан елімізде туризм саласы неге дамымай отыр?

- Кез-келген мемлекет белгілі бір саланы дамыту үшін оның болашақтағы даму жоспарын арнайы стратегиялық құжат арқылы айқындайды. Бұл құжат мемлекеттік органдар, сала ғалымдары және осы салаға қатысты мүдделі тараптардың  барлығының қатысумен жасалуы міндетті.

 Осы тұрғыда мен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған барлық туризм бағдарламалары мен концепцияларын АҚШ туризм саласының ғалымдарымен   бірге толыққанды зерттедік.

 Сондағы анықтағанымыз, біздегі туризмдегі көптеген бағдарламалар мен концепцияларда нақты бір ғылыми зерттеулердің нәтижесін пайдаланбаған.


Тіпті соңғы 2017 жылы қабылданған 2023 жылға дейінгі Туризм Концепциясында да елдің туристік әлеуеті дұрыс зерттелмеген.

Зерттеуіміздің нәтижесінде Концепция авторлары туризмді жете түсінбеген, ғылыми сауаты күмәнді және елдің экономикалық, географиялық жағдайынан мүлдем хабары жоқ деген қорытындыға келдік. Яғни, бұл жағдайда туризмнің дамуы туралы сөз айту артық.

 - Еліміздің 2023 жылға дейінгі туризм даму Концепциясына күмән келтірерліктей қандай дәлелдеріңіз бар?

- Қазақстанның 2023 жылға дейінгі туризм даму концепциясы сенімсіз ақпараттар негізінде жазылған.

Мысалы, Концепцияда туризмді дамытуға қиындық тудыратын негізгі себептердің бірі ретінде:

“туризм саласында білікті кадрлардың, оның ішінде академиялық білім сипатының жетіспеушілігі, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістер қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің күтуінен біршама алшақтығын” атап көрсетеді.

 Олар осы мәліметті қайдан алған, қандай ақпараттарға сүйеніп жасаған?

 Егер Концепция авторлары туризмде қызмет көрсететін басқа мамандық иелері мен туризм мамандығы бойынша бітірген мамандардың проценттік үлесін көрсетсе, жоғарыдағы информацияның шынайлығына келісер едік.

Ал Концепция авторлары туризмнің дамымауына басты кемшіліктер  ретінде мамандық беру мекемелерін негізсіз айыптай салған. Білім және Ғылым министірлігі осы айыптауға ресми түрде жауап береді деп сенеміз.

 -Концепция авторларының елдің географиялық жағдайынан хабары жоқтығына қандай дәлеліңіз бар?

- Концепцияда “Кемпингтік туризм, автотуризм және караванинг” туризмін дамытуды жоспарлаған. Авторлардың айтуынша осы саланы дамыту біздің еліміз үшін өте қолайлы-мыс. Себебі туризмнің осы түрі барлық  маусымда (все сезонный) дами береді дейді.

Осы ақпарат логикаға сәйкес келе ме?

Еліміздің кейбір аймақтарында қыс мезгілінде табиғат аясында серуендеу тұрмақ, жұмыс пен үйдің арасына қатынау мұң болады емес пе?


 Суық күндері республикадағы маңызды қалааралық трассалар да  жабылады. Баршаның қатты суықта көптеген мекемелер жұмысын тоқтататынын біле тұра, авторлардың қысқы мезгілде де саяхат жоспарлауы күлкі шақырады.

 Еліміздің табиғат  жағдайларын ескермегеніне қарап концепция авторларының географиялық  біліміне күмәнданамын.

 -Сонда елімізде  “кемпингтік туризм, автотуризм және караванинг” туризмін дамытуға мүмкіндік жоқ па?

- Дәл қазіргі кезде бізде туризмнің осы түрін дамытуға  қажеттілік те, мүмкіндік те жоқ. Мен айтар едім, бұл бөлім Германия, Қытай және Ресейдің туризмін дамытуға арналған сияқты.

Себебі Концепцияда сол мемлекеттердің әлеуеті туралы мәліметтер беріліп, Қазақстанның әлеуеті назардан тыс қалған.

Елімізге барлық шетелдік туристер өз көліктерімен келмейтіні белгілі.

 Мысалы, Австралия мен Америка, Еуропа және Азияның дамыған мемлекеттерінен келетін туристер өз көліктерімен келмейді.

Ал, елімізде туристерге көлік құралдарын арендаға бере алатын орталықтары бар ма? Болса қанша автоорталық  бар?

Жалпы туризмнің бұл саласына кез-келген көлік жарамайтындықтан, арнайы автокөліктер қажет. Ал, ТМД көлемінде өз автокөліктерімен келетін туристердің көлігі бұзылған жағдайда техникалық көмек беретін қанша орталық бар?

 Қазіргі таңда туризмнің бұл түріне ұлттық деңгейде көңіл бөлуге әлі ерте, себебі бізде бірінші кезекте туризмнің дайын тұрған нысандардың көпшілігі бос тұр.


Осы нысандар пайда әкелуі үшін қажетті  туристерді әлі  тартқан жоқпыз.

 Алыс шетелден келетін туристердің саны он бес-жиырма миллионнан асқаннан соң ғана туризмнің осы түрін дамыту туралы айтуға болар. Ал қазір, автотуризм, караванингті қолға алудан бұрын, елімізде сол көліктер жүретін жолдардың сапасын ретке келтірген жөн. 

-Концепцияда логикаға сәйкес келмейтін тұстар ретінде тағы да қандай дәйектемелеріңіз бар?

Концепцияда туризмнің 12 саласын дамыту жоспарланған.

Осыншама көп бағытты бас-аяғы бірнеше  жылдың ішінде ұлттық деңгейде қалай дамытпақ?

Мысалы, “Медициналық туризм” бөлімінде авторлар медицина саласы бойынша басқа мемлекеттердің лидер екендігін мойындайды. Солай бола тұра, Қазақстанда жасалған небәрі 40 жүрек пен 5 өкпе трансплантациялау операцияларын үлкен жетістік ретінде қарастырып, осы елдермен медициналық туризмді саласында бәсекеге түспек.

Әрине, бір операцияның өзі үлкен жетістік. Осы кезде тағы сұрақ туындайды, жоғарыда аталған операциялар қанша пациентке шаққанда сәтті жасалып отыр?

 Егер авторлар Концепцияда соңғы бес жылдың статистикалық деректерін пайдаланды десек, жылына бір трансплантация жасау біздің медицинаның  жоғары дәрежеде екендігін айқындайды ма?

 Отандық медицина ел азаматтарын емдеп болып, басқа елдің азаматтарын емдеу жағдайына жетті ме? Ертең шетелдік туристерді емдеу сәтсіз болған жағдайда Қазақстанның  әлем алдындағы беделі не болады?

 Сәтсіздікке ұшыраған клиенттің қорғаушылары халықаралық немесе жергілікті соттарға жүгінген жағдайда Туризм Комитетінің рөлі қандай болады?

 Осындай кезде Туризм Индустриясы Комитеті қаншалықты жауапкершілік арқалайды? Тағы бір мәселе, Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасының ауруханасын медицина туризмін дамытуға пайдалануды жоспарлау қаншалықты қисынды? Осы тұрғыда Денсаулық сақтау министірлігінің ойын білу маңызды деп ойлаймын.

 - Мәдениет және Спорт Министірлігінің веб сайтында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасының “Жобасы” жүктелген екен. Бұл 2023 жылға туризм дамуы Концепциясын іске асыру үшін жасалған бағдарлама “Жобасы” ма әлде осы Концепцияның орын алмастыратын жаңа бағдарлама ма? Ол туралы не айтасыз?

- Негізі, туризм дамуының 2023 жылға дейінгі Концепциясы қай жылға арналғаны түсініксіз, себебі осында 2025 жылы күтілетін нәтижелер де жүр.

Жалпы бұл туралы Туризм Индустриясы Комитетінен сұрау керек шығар, бұл бағдарлама “Жобаның”  не нәрсе екенін.

Бір шолып шықтым, жұмыс тіпті пікір беруге жарамсыз.

Әлем елдерінің туризм саласында жеткен жетістіктерін баяндайтын және ағылшын тілінде “Fun facts” дейді ғой, осындай ақпараттарды жинақтаған жүз елу алты беттен тұратын еңбек!

Осы “Бағдарлама Жобаны” жасаған адамдардың өзі ішінде не жазылғанын толық айтып бере алмайтын шығар деп ойлаймын. Осыған дейінгі  жарияланған ақпараттарды түрлендіріп және шетелдік туризмді талдай отырып қайта жазып шығыпты.

Қазақстан туризмін дамуына үлес қоса алмайды! Алдына келген құжаттың сапасын тексерместен қабылдағанына қарап, Үкіметке де туризм саласының болашағы бәрібір екенін байқаймыз.

- Еліміздің саясаты туризмнің дамуына қолайлы ма? Саясат пен туризм екеуінің қандай қарым-қатынасы бар және оларды жеке дара қарастыруға болады ма?

- Туризм бұл тікелей саясаттың ықпалымен өсіп өркендейтін сала. Қазір біздің билік туризмге өте қолайлы жағдай жасап отыр. Өкініштісі осы жағдайды туризм саласына жауапты мекемелер тиімді пайдалана алмай отыр.

 Әлемнің біраз елдерінде  біздің билік тәрізді туризмді қолдап жатқан жоқ.

Жағымсыз саясаттың әсерінен туризм саласынан  түсетін табыстан айырылып жатқан мемлекеттер де бар.

Мысалы, бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың президенті өзгергенін білесіздер. Жаңа президент АҚШ-тың қауіпсіздігі мақсатында жеті мұсылман елдің туристерінің елге кіруіне уақытша тиым жасады.

 Ал бұл АҚШ экономистерінің дерегіне қарағанда, елдегі  туризм саласында байланысты 40 000  жұмыс орнын жоғалту мен миллиардтаған доллар табыстан  айырылу  арқылы негативті әсері етіпті.

Осы саясаттан кейін АҚШ туристер көп келетін мемлекеттер арасында Франциядан кейінгі  екінші орыннан да түсіп қалды. Осы тыйым арқылы АҚШ әлемдегі мұсылман туристерден, тіпті Еуропаның дамыған мемлекеттерінің азаматы болып саналатын мұсылман туристерден де айырылып отыр.

 Тіпті кейбір Еуропаның дамыған мемлекеттері өз азаматтарына АҚШ-қа бармауға кеңес беріп, ұлттық туристтік порталдарында  АҚШ-ты туристерге қауіпті елдер санатына енгізіп қойған.

Сонымен бірге, консервативті мемлекет, Сауд Арабиясы бұрын елге тек қана мұсылман туристерді қабылдайтын. Қазіргі Тақ Мұрагерінің саясаты бойынша (мұсылмандардың діни киелі жерлерінен басқа аймақтарға), барлық  туристердің елге еркін кіруіне рұқсат беруде. Осы арқылы Сауд Арабиясы мұнай таусылғаннан кейінгі кезеңде де экономикалық дамуды төмендетпеуді қазірден бастап қолға алуда.

 Осы іс-әрекеттердің барлығынан туризмге саясаттың тікелей ықпалын көруге болады. Ал бізде  саяси жағдайдың қолайлылығына қарамастан Туризм Индустриясы Комитеті туристік потенциалдың жоғары   мүмкіндіктерін пайдалана алмастан саланы тиісті дәрежеде дамыта алмай алмай отыр.

- Сіздің ойыңызша елімізге шетелдік туристерді тарту  үшін не істеу керек? Қандай шаралар атқарсақ  елге туристерді көптеп тарта аламыз?

- Ең бірінші, туризмнің қандай түрлерін дамыту қажеттігін анықтау керек. Шетелдік туристердің басым бөлігі табиғат аясында (ұлттық парктер, ұлттық саябақтар мен қорықтар және т.б) болуды ұнататынын ескеруіміз шарт.

 Екіншіден, қай елдің туристтерін тарту ел экономикасына пайдалы екенін анықтау қажет. Концепция авторлары елімізге келетін туристердің басым бөлігі ТМД мемлекеттеріне тиесілі екендігін, олардың Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан  екенін атап көрсеткен. Мен айтар едім, олар біздің  экономикаға жұмсаған қаржысының біраз бөлігін қайтадан өздері алып кетеді. Бұл туристерден еліміздің экономикасы айта қаларлықтай пайда көрмейді.

Сондықтан бізге Австралиядан, АҚШ, Еуропа және Азиядағы дамыған елдерден келетін туристерді тарту маңызды.


Үшіншіден, азаматтарын елге тартқымыз келетін мемлекеттермен тиянақты түрде жұмыс жасау өзекті. Яғни, осы елдерде Қазақстан туризмін тиімді, арзан және нәтижелі тәсілдермен насихаттау. Осыларды ғылыми түрде жүйелеп, сол жоспар  бойынша іс-шараларды атқарсақ жақсы нәтижеге жете аламыз.

 - Осы шетелдік туристердің көптеп келмеуіне виза мәселесі кедергі болып жатқан жоқ па? Жақында енгізілген “Жібек жолы визасының” ел туризміне әсері қандай болмақ?

- Сыртқы Істер Министірлігі орасан жұмыс жасады деп айта аламыз. Олар әлемнің дамыған мемлекеттерінің барлығына біздің елге келуі үшін  визасыз режим орнатып қойған.

 Яғни, шетелдік туристер белгілі бір мерзімге дейін біздің елге еркін кіріп шыға алады. Тіпті жаңа дерек бойынша осы визасыз режимге кіретін мемлекеттердің саны 100 ден астам. Бірақ, Концепциядағы “пилоттық түрде виза беру орталығын ашуды” жоспарлағанын оқып отырып елге туристердің келуіне визалық кедергілер бар тәрізді сезімде болдым.

Концепция авторларының “пилоттық түрде виза беру орталығын ашу” арқылы елге қай мемлекеттің азаматтарын шақырмақ болғанын түсінбедім.

 Осыдан кейін не Сыртқы Істер Министірлігінің пәленбай елге визасыз режим енгіздік дегені жалған ақпарат немесе Концепция авторларының осы жұмыстардан мүлдем хабары жоқ деуге болады.  Әрине, “Жібек жолы визасы” қолдауға тұрарлық жаңалық. Негізінен, Қазақстан туризміне ел экономикасына салған қаржысының бір бөлігін қайта алып кететін ТМД туристтерін тарту аса бір өзгеріс әкеледі деп айта алмаймын.

 - Концепцияда 2016 жылы елге 6.5 млн турист келгенін хабарлапты да, ал 2023 жылы елге келетін туристер санын 5.5 млн-ға жеткізуді  жоспарлапты. Мұны қалай түсінуге болады?

- Біз туризмдегі статистикалық деректеріне күмәнмен қараймыз.

Ал мына мәселенің анық-қанығын Туризм Индустриясы Комитетінен сұраумыз қажет. Еліміздің Премьер министірінің веб сайтында 2016 жылы алыс шетелден келген туристердің санын 500 мыңнан сәл асатынын көрсетсе, елдегі туристік фирмалардың ақпараттарында Қазақстанға 700 мың шамасында шетелдік турист келгенін хабарлайды.

Ал, 2009 жылы Елбасымыз Дүниежүзілік Туристік Ұйымның он сегізінші сессиясында сөйлеген сөзінде, қазақстандық туристік фирмалардың маркетингтік зерттеулеріне сүйене отырып, жақын жылдары елге келетін турист санын 14 миллионға жететіндігін хабарлаған болатын.

Жоғарыдағы әр түрлі мәліметтер мен Концепциядағы шет елге шығып, қазақстанға қайта оралған ел азаматтарын да шетелдік туристердің санатына қосып қарастырғанына қарап, әлі күнге дейін тіпті туристерді санау тәсілінің де бір ізге түспегендігін анық байқай аламыз.

Осындай жағдайда ел туризмнің әлемдік туризммен бәсекелесуі туралы пікір айту тіптен артық.

Концепциядағы осындай сенімсіз ақпараттар елімізде туризмді зерттеу мәселесінің де дағдарыста тұрғандығын айқындайды. Саланы дағдарыстан шығарудың жалғыз жолы туризмді зерттейтін өз алдына ғылыми-зерттеу институтын құру!

 - Қолданыстағы Концепция авторлары өздерінің жасаған еңбектерін дұрыстығын қорғайтыны анық. Енді кімнің жасаған Концепциясы ел туризміне тиімді екенін қалай анықтауға болады?

- Келісемін, қысқа уақыт аралығында, мұхиттың арғы жағында отырып жасалғандықтан біздің жасаған Концепция да мінсіз дей алмаймыз.

Оны анықтау үшін “Алтернативті Концепцияны” баспасөз беттері мен интернет парақшаларына жариялап, халық талқысына салайық, еліміздің туризм саласының ғалымдарының пікірін білейік, тіпті болмаса Ғылым Комитетінен арнайы эксперттік топ құрылып, қазіргі қолданыстағы  Концепция мен біздің жасаған еңбектің сапасын салыстырайық.

Мүдделі тараптарды тарта отырып, артық-кем жерлерін түзетіп, бәсекеге қабілетті туризм қалыптастыра алатын “Жаңа Концепция” жасайық.

 Біздің негізгі мақсатымыз – мүдделі тараптарға дамыған елдердің Туризм Концепциясын жасау тәсілімен таныстыра отырып,  ел туризмінің дамуына оң әсер ету. Болашақта тағы да өрескел қателіктерге бой алдырмас үшін, ендігі қабылданатын стратегиялық құжаттарды жасауда сала ғалымдары мен мүдделі тараптардың барлығының міндетті түрде қатысуы қажеттігін жеткізу.

-Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан, Нұртуған ШЫҒАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x