Шымкент қаласында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген 200-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оның 15-і – ет бағасын өсіргендер, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дегенмен Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы сиырдың таза еті (мякоть) баға реттеу тізіміне жатпайтынын нақтылайды. Басқарма мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау мақсатында жүздеген сауда нүктесіне мониторинг жүргізілген. Айта кетейік, сиыр еті (жауырын-төс бөлігі, сүйекті) бағасы бақылауға алынған 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізіміне кіреді.
"Бүгінде Шымкент қаласында 60-қа жуық әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Онда да сүйекті сиыр еті тұрақты бағамен бір келісі 3200-3300 теңге аралығында сатылады. Ет өнімдері Түркістан облысындағы мал шаруашылығы фермаларынан тікелей жеткізіледі", — дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, "Каскасу-С" және "Бәйтерек" шаруа қожалықтарымен жасалған келісімшарттар аясында 1 келі еттің өткізу бағасы – 2 620 теңге.
Сондай-ақ, "айналым схемасы" тетігі шеңберінде Magnum және Грамад сауда желілерімен келісімдер жасалған. Бұл сүйекті сиыр етін (жауырын-кеуде бөлігі) 2 590 теңге көлеміндегі тұрақты бағамен сатуға мүмкіндік беріп отыр.
Басқарма өкілдері базарда 1 келісі 3800-4000 теңгеге дейін жететін коммерциялық еттің де бар екенін айтты. Алайда кейбір сауда орындарында баға тұрақты сақталған.
- Жекеменшік сауда нүктелеріндегі бағаның өсуін мамандар маусымдық сұраныс, мал азығы бағасының қымбаттауы және экспорт көлемінің артуымен байланыстырады. Соған қарамастан, қалада етке деген тапшылық пен ажиотаж байқалмайды, – деді басқарма басшысы.
Әкімдік қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақыланатын және реттелетін сауда орындарын таңдап, соларға жүгінуге шақырды.