2024 жылы Қазақстанға тікелей инвестиция тарту минусқа кіріп кетіп, оның таза ағыны минус 2,55 миллиард долларды көрсеткен. Бұл кейінгі 30 жылда болмаған ең нашар және масқара көрсеткіш. Қазақстан инвестиция бойынша бүкіл Орталық Азия аумағының аутсайдеріне айналып отыр. Тіпті дәстүрлі аутсайдер Тәжікстан 291 миллион доллар инвестиция тартып, Қазақстаннан 10 есе озып кеткен. Ал Өзбекстан тікелей шетелдік инвестицияның таза ағынында Қазақстаннан жүз есе озып кетіп, 2,8 миллиард доллар тарта білген, деп хабарлайды Dalanews.kz DALA INSIDE дереккөзіне сілтеме жасап.
“Ақорда кабинеттерінде тікелей инвестицияға жауапты “Kazakh Invest” ұлттық компаниясы бір жыл бойы не бітірді?” деген заңды сұрақ қойылды. Компанияның бүкіл топ-менеджменті және басқарма төрағасы Ержан Елекеевтің жұмыс нәтижесіне өте нашар баға беріліп отыр. Кадрлық шешімдер жақын арада жариялануы тиіс”, - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Дереккөз мәліметінше, “Kazakh Invest” былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялардың Орталық Азия бойынша бізде ең көп болғанын айтып ақталуда. Ол көрсеткіш 41 миллиард доллардан асқан. Сонымен бірге компания инвестицияның баяғыдай шикізаттық бағыттан кетіп, сапалы бағыттарға, әсіресе химия, металлургия, инфрақұрылымға келіп жатқандығын алға тартады.
“Негізі Қазақинвестты көп шырылдатпаса да болады”, - дейді, дереккөз.
Оның айтуынша, бұл ұлттық компания тек кішкентай және орташа инвесторлармен өз платформасында жұмыс істейді. Және елге келіп жатқан ірі инвестицияларда Қазақинвесттың еш әсері жоқ. 2023 жылғы рекордты инвестициялар шикізатқа қатысты болды. Мысалы, Теңізшевройлдың Теңіз кенішін кеңейту жобасы үлкен рөл ойнады. Ондай кездерде Қазақинвестпен ешкім ақылдаспайды да. Ірі тұлғалар өзара кездесіп, мәселені шеше салады. Жалпы, “Kazakh Invest” бар болса да, жоқ болса бізге келген, келмеген инвестицияларда оның ешқандай әсері жоқ.
“Kazakh Invest деген барда жалаңаш билеп тұрған қыз сияқты. Барға келген адам вискиге тапсырыс бере ме, бермей ме, оны билеп тұрған қыз емес, адамның қалтасындағы ақша көлемі, жалпы көңіл-күйі, ниеті шешеді ғой. Сол сияқты Қазақинвест пен инвестицияның арасында ешқандай байланыс жоқ”, - дейді, дереккөз.
DALA INSIDE мәліметінше, алдағы уақытта аталған мәселеге байланысты өзгеріс болуы мүмкін.
“Іші бос, еш пайдасы жоқ, не істеп не қойып жүргенін білмейтін мұндай ұйымға акционерлік қоғам және ұлттық компания статусы тым артық сияқты. Сондықтан болашақта ол кішірейіп, ұлттық статусынан айрылып, ЖШС формасындағы шағын фирма болып қалуы мүмкін. Келесі аптада бір өзгеріс болары хақ”, — деп түйіндеді дереккөз.