Каспий теңізіне қауіп төніп тұр, себебі жаңа балдыр түрі экожүйе құрылымын өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Орта Каспий су аймағында алғаш рет Ceratium tripos var. Balticum динофитті балдыр түрі тіркелді. Бұл су гүлденуіне ықпал ететін планктон түрі. Ол экожүйеге әсер етіп, мысалы, судың оттегі құрамын азайтады.
Каспий теңізі бұған дейін де инвазиялық фитопланктон түрлерінің әсерін бастан өткерген.
— 1934 жылы мұнда Pseudosolenia calcar-avis диатомды балдыры кең таралған. Ол тез арада ұсақ фитопланктон түрлерін ығыстырды. Бірақ оның жасушалары балдырлармен қоректенетін жануарлардың көпшілігі үшін тым ірі болып шықты. Бұл экожүйеге және жергілікті түрлерге жүктемені арттырды, — деп хабарлайды Ресейдің Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институты.
Жаңа балдырлардың жасушалары одан да ірі. Ғалымдардың пікірінше, бұл зоопланктонға қолжетімді қоректік фитопланктон тапшылығын одан әрі күшейтуі мүмкін.
Зерттеулер көрсеткендей, жаңа балдыр түрі тым жылдам таралуда. Бұл каспийлік майшабақтың қоректік базасына қауіп төндіруде.
Ғалымдар, сондай-ақ, Каспий теңізінде бөгде түрлердің көбеюін атап өтті. Оның себептері — су айдынына организмдердің ену жолдарының көбеюі және климаттың өзгеруі. Климаттың өзгеруі олардың тіршілік етуіне және таралуына қолайлы жағдай туғызуда.