Каспий құбыр консорциумына қатысты жағдай: Қазақстан мұнай жеткізу бағыттарын өзгертіп жатыр

Cағыныш Сардарова 16 қаң. 2026 09:36

Қазақстан 2025 жылы желтоқсанда Каспий Құбыр Консорциумының шектеулері кезінде шамамен 300 мың тонна мұнайды басқа бағыттарға жөнелтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мәліметінше, жыл соңында Каспий Құбыр Консорциумы бойынша мұнай тасымалдау шектелуіне байланысты Қазақстан мұнайын "ҚазТрансОйл" АҚ (ҚТО) жүйесі арқылы басқа экспорттық бағыттарға жөнелту бойынша жедел жұмыс жүргізілген.

"Шамамен 300 мың тонна мұнай көлемі ҚТО жүйесі бойынша экспорттық бағдарлар, соның ішінде Германия, Қытай, Баку-Тбилиси-Жейхан, Новороссийск және Усть-Луга порттары арқылы жеткізу үшін қайта бағытталды. 2026 жылғы қаңтарда Каспий Құбыр Консорциумы тарапынан мұнай қабылдауда сақталып отырған шектеулерді ескере отырып, мұнайды қайта бағыттау жөніндегі іс-шаралар жалғасады", - деп жазылған хабарламада.

Қазақстан мұнайын тасымалдаудың мынадай қосымша бағыттары бойынша жұмыс істеліп жатыр:

  • 2025 жылғы қорытындыға сәйкес Қазақстан мұнайын Германияға (Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына) жеткізу бойынша өсу динамикасы байқалады. Тасымалдау көлемі - 2,1 млн тонна.
  • Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Жейхан бағдары бойынша қазақстандық мұнайдың 1,3 млн тоннасы тасымалданды.
  • Сонымен қатар, Қазақстан мұнайы экспорттық бағытқа - Қытай Халық Республикасына тұрақты тасымалданып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға 1,1 млн тонна мұнай экспортталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove