Каспий мен Қара теңізді жерасты тоннелімен жалғау ұсынылды

Көркем Алдабергенова 05 мам. 2025 15:10 271

Әзербайжандық ADOG компаниясы мен Зира халықаралық порты Каспий мен Қара теңізді жалғайтын жерасты тоннелін салу бастамасын көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жобаның тұжырымдамасына сәйкес, диаметрі 10 метрлік жерасты тоннелі салынады. Ол Қара теңіз жағалауынан (Грузия немесе Ресей аумағынан) Каспий теңізіне дейін созылады. Табиғи деңгей айырмашылығына байланысты Қара теңізден Каспийге қарай су өздігінен ағып өтетін болады, яғни суды айдайтын арнайы сорғылар қажет емес.

"Бұл бастама Каспий теңізінің су деңгейін тұрақтандыруға бағытталған. Соңғы жылдары теңіз деңгейі күрт төмендеп, жағалаудағы елдер үшін экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық қауіптер туындауда", – делінген бастамашылардың хабарламасында.

Компания өкілдері жобаны жүзеге асыру кезінде толыққанды экологиялық мониторинг жүргізілетінін және биоалуантүрлілікті сақтау шаралары қабылданатынын атап өтті. ADOG компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға және қажет ресурстарды жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.

Бастама авторлары бұл ұсынысты мемлекеттік деңгейде қарастырып, уәкілетті органдарға алдын ала консультациялар жүргізуді тапсыруды сұрап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар