Каспийдегі қайғылы оқиға: бес әскери басшы ұсталды

Каспийдегі қайғылы оқиға: бес әскери басшы ұсталды
ІІМ

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсталғандардың қатарында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар.

Олар қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікке ілінген.

Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Тергеу мәліметінше, 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу барысында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Соның салдарынан теңіз ағысы әскери қызметшілерді алып кеткен.

Тергеу барысында оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі және оқу-жаттығуды өткізуге жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері тексеріліп жатыр.

Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілуде. Күдікті тұлғалардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Айта кетейік, Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 17 әскери қызметшіні ағыс алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Іздеу-құтқару операциясы аяқталды.

Қазақстанда осы қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.