Каспий арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын суасты интернет желісі іске қосылды

Каспий арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын суасты интернет желісі іске қосылды
Фото: видеодан скрин

Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Ақтау мен Сумгаит қалаларының арасына ұзындығы 380 шақырым болатын кабель төселді. Қосылу рәсіміне екі елдің мемлекет басшылары қатысты. "Қазақтелеком" басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл жобаны компания командасының үлкен жетістігі деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, суасты желісіне арналған салмағы 600 тонна арнайы кабель Қытайдағы зауытта жасалған. Кейін ол құрлық арқылы 8 мың шақырымнан астам жол жүріп, Каспий жағалауына жеткізілген.

Жобаны жүзеге асыру алдында мамандар теңіз түбін зерттеп, кабель өтетін ең қолайлы бағытты таңдаған. Оны төсеу үшін арнайы кеме қайта жабдықталып, қажетті техникалық құрылғылар орнатылған. Теңіздегі жұмысты кеме экипажы, инженерлер мен техникалық мамандар тәулік бойы атқарған.

"Достар, баршаңызды құттықтаймын! Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс орнатылды. Сумгаиттан Ақтауға дейін теңіз түбімен 380 шақырым кабель төселді. Біздің команда үшін бұл үлкен жетістік", - деді Бағдат Мусин.

Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?

Бағдат Мусин жаңа желінің Қазақстан үшін үш негізгі артықшылығын атады. Біріншіден, ел аумағы арқылы деректер тасымалы артып, Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы цифрлық транзитке қосылады. Осылайша еліміз тауармен қатар, ақпарат ағынын да тасымалдайтын болады.

"Қытай мен Еуропа арасында енді тек тауар ғана емес, деректер де тасымалданады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді", - деді ол.

Екіншіден, Орталық Азия елдері үшін интернетке шығатын балама әрі тәуелсіз бағыт пайда болады. Бұған дейін өңір мемлекеттері деректерді негізінен Ресей мен Қытай арқылы тасымалдап келген. Енді Франкфурт, Ыстанбұл және Еуропаның өзге де қалаларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туады.

Үшіншіден, деректерді жеткізу кезіндегі кідіріс, яғни латенттілік көрсеткіші төмендейді. Бағдат Мусиннің айтуынша, сынақ нәтижесінде интернет байланысының бұл көрсеткіші екі есе жақсарған.

"Біз тәуелсіз жаңа бағыт қалыптастырып жатырмыз. Алғашқы сынақ кезінде кідіріс көрсеткіші екі есе жақсарды. Бұл Қазақстан үшін үлкен жеңіс. Жоба баршамыздың игілігімізге қызмет етсін", - деді "Қазақтелеком", - басшысы.

Транскаспий желісі Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық көпір ретіндегі орнын нығайтып, халықаралық деректер транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның жоспарланған өткізу қабілеті секундына 400 терабитке дейін жетеді.