5 желтоқсанда Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген бизнес-қауымдастық өкілдерінің басы қосылды. Бір алаңда үш бірдей ұлттық жүлденің – «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және республикалық «Кәсіби маман» конкурсының жеңімпаздары жарияланды. Бұл – отандық компаниялар үшін өнім сапасына, сондай-ақ басқарушылық, өндірістік және кадрлық тәсілдердің жетілдірілу деңгейіне объективті баға алу мүмкіндігі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Биыл «Кәсіби маман» конкурсына ерекше назар ауды. Бір сахнада жарияланған екі нәтиже Қазақстандағы индустриялық өсім қарқынының үдеуі жағдайында жаңа өндірістер үшін мамандар тапшылығының өткір мәселесін тағы да еске салды. Сондықтан Allur автомобиль зауытының екінші орын иеленуі жәй рейтинг нәтижесі емес, саладағы маңызды белгі ретінде қабылданды. Ал зауыттың көпжылғы серіктесі – Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жеңісі кадр мәселесінің алғаш рет бірінші орынға шыққанын айқын көрсетті.

Соңғы бір жылда елімізде екі жаңа автомобиль зауыты іске қосылды. Сол себепті инженерлерге, өндіріс шеберлеріне, технологтарға деген сұраныс күрт артты. Өнеркәсіптің даму қарқыны кадрларды даярлау жылдамдығынан озып бара жатқан жағдайда, компаниялар өздерінің білім беру модельдерін қаншалықты тиімді құра алатыны – қазақстандық машина жасау саласының болашағын айқындайтын факторға айналды.
Соңғы жылдары кәсіпорындар бірдей қиындыққа жиі тап келеді: мектеп оқушылары инженерлік және жұмысшы мамандықтары туралы аз біледі және оларды саналы кәсіби таңдау ретінде қарастырмайды. Колледждер өндірістің жаңарған талаптарына сай бағдарламаларын жедел жаңарта алмайды. Университеттер теорияны жақсы береді, бірақ нақты практикалық дайындық жиі жеткіліксіз болады. Соның салдарынан жас мамандар зауытқа қажетті дағдыларсыз келеді де, кәсіпорындар оларды айлар бойы, кейде жылдар бойы қайта үйретуге мәжбүр.

Осы себепті конкурс қазылар алқасы кадрлық базаның қазіргі жағдайын ғана емес, компаниялардың ұзақ мерзімді маман даярлау жүйесін қалай құрып жатқанына да көңіл бөле бастады. Бұл тұрғыда Allur моделі – саланың ең көрнекті мысалдарының бірі.
Allur-дың білім беру моделі қазіргі марапаттардан әлдеқайда бұрын қалыптаса бастаған. Компания мектептермен жұмысын кеңейтіп, колледждер мен жоғары оқу орындарымен байланысын тереңдетті, оқу бағдарламаларын нақты өндірістік процестерге бейімдеді және қызметкерлерді оқытудың корпоративтік форматтарын дамытты.
Мектеп оқушыларымен жұмыс бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді: инженерлік байқаулар, 3D-модельдеу сабақтары, робототехника, реверсивті инжиниринг. Уақыт өте келе бұл бағыт кеңейіп, әртүрлі мектептерде арнайы зертханалар ашылды. 2025 жылы бұл жүйеге Allur University жанындағы «Болашақ инженер» бағдарламасы қосылды. Мұндай бастамалар жыл сайын бір жарым мыңнан астам баланы қамтып, инженерлік мамандықтарға ерте кезеңнен қызығушылық қалыптастырады.

Келесі деңгей – колледждер жүйесі. Allur 11 оқу орнымен дуальды модель құрды. Сварка, бояу, CKD-жинақтау бағдарламалары жаңартылды, ал Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында Кәсіби құзыреттер орталығы ашылды. Нәтижесінде дәл осы колледж «Кәсіби маман» конкурсында бірінші орынды иеленді, бұл білім беру модернизациясының шынайы нәтиже беретінін дәлелдеді.
Жұмыс жоғары білім деңгейінде де жүргізілуде: Allur-да алты базалық кафедра бар, студенттер жылдық тәжірибеден өтеді, өндірістік жобаларды жақсартуға қатысады, тіпті дипломдық жұмыстарын зауытта қорғайды. Мұның барлығы жас инженерлер мен технологтардың тұрақты келуін қамтамасыз етеді.
Модельдің маңызды бөлігі – корпоративтік оқу. Жыл сайын біліктілікті арттыру орталығынан 3 мыңға дейін қызметкер өтеді, ал Allur University зауыт жұмыскерлерін ғана емес, өңірдегі машина жасау кластерінің мамандарын да оқытатын алаңға айналды. Сондай-ақ мұнда Корея, Германия, Финляндия және Еуропаның басқа елдерімен бірлескен Халықаралық дуальды оқыту орталығы дамып келеді.
Осы «мектептен инженерге дейін» созылатын көпдеңгейлі жүйені саланың үздік шешімдерінің бірі ретінде қазылар алқасы жоғары бағалады.
Шын мәнінде, Allur инженерлік бағыттар, мехатроника, сварка, роботтандыру және локализацияланған өндірістік технологиялар бойынша ең өткір кадр тапшылығын жоятын модель қалыптастырды.
Сол себепті колледждің жеңісі мен зауыттың жүлделі орын алуы жеке жетістік емес, компания құрған білім беру экожүйесінің шынайы жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейтін нәтиже ретінде қабылданады. Ал ел локализацияланған машина жасау үлесін арттыруға ұмтылған қазіргі кезеңде мұндай модельдер корпоративтік шеңберден шығып, ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды элементіне айналады.
