Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында сел қаупі кезеңі басталды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың сөзінше, өңірде сел жүруі ықтимал 13 өзен бассейні бар. Олар Зайсан, Катонқарағай аудандарында, сондай-ақ Риддер қаласы мен Алтай ауданында орналасқан. Жалпы саны 144 мореналық көл 13 сел ошағын қалыптастырып отыр. Бұл 11 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін.
"Қазселденқорғау" мекемесінің мамандары сел көбіне нөсерлі әрі ұзақ жауын-шашыннан кейін немесе күшті жер сілкінісі болған жағдайда жүруі мүмкін екенін ескертті.
Сел қаупі кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 15 мамырдан бастап облыста маусымдық тоғыз гидробекет жұмысын бастайды. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты өзенінде жыл бойы жұмыс істейтін бір гидробекет бақылау жүргізеді.
Гидробекеттерден тәулігіне үш рет сел қаупі бар аумақтардағы гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпарат беріліп отырады.
ТЖД мен "Қазселденқорғау" өңір тұрғындары мен туристерге сел және көшкін қаупі бар таулы аймақтарға барудан уақытша бас тартуға кеңес берді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.