KASE-де осы аптада қай компания акциялары өтімді болды

Кәмшат Тілеухан 18 қаз. 2024 16:32 7564

Бейсенбіде Қазақстан бағалы қағаздар нарығындағы сауда-саттықта сенімді өсім тіркеліп, KASE индексі 5 191,73 тармаққа (+0,8%) көтерілді. Жергілікті инвесторларды бұл аптада қандай акциялар, онда да неге қызығушылық туғызғанын Dalanews.kz сайтынан оқыңыз.

Сонымен өсім көшбасында Қазатомөнеркәсіптің (+2,3%) және банк секторындағы Kaspi (+2,1%), Халық Банкі (+1,7%), БЦК (+0,3%) акциялары тұр.

Жергілікті инвесторлар бүкіл әлемде атом энергетикасына деген қызығушылықтың артуы аясында уранға сұраныс жоғарылайды деп топшылайтын секілді. Оның үстіне күні кеше ETF URA 5% өсімді көрсетті. ETF URA уран өндірісімен байланысты әлемдегі компанияларға инвестиция жасау үшін құрылған биржа қоры екенін баса атап өтелік. Оның активінде Қазатомөнеркәсіптің де акциялары (4.7%) бар 

Ал Kaspi тобының ағымдағы жылдың тоғыз айында жасалған операциялық нәтижелері келесі аптада жарияланады. Одан да жақсы нәтиже күтілетінге ұқсайды. Инвесторлар қуана қабылдаған сондай жаңалықтың бірі - Kaspi тобының жетекші түрік маркетплейсі Hepsiburada-ның 65% акциясын сатып алуы. Hepsiburada - 10 мың қызметкер, 12 млн клиенті бар үлкен компания. Әрине,акцияларын сатып алу арқылы компания табысына ортақтасатын инвесторлар үшін бұл - жағымды жаңалық.

Борышкерлік бағалы қағаздар нарығына келетін болсақ, KASE-де ҚР Қаржы министрлігінің жаңадан орналастырған онжылдық еурооблигациялары (1,5 млрд доллар, жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 4,714%) бойынша сауда-саттықтың басталуы, сонымен қатар ҚФБ-ның бір жылдық облигацияларын орналастыруы (7,0 млрд теңге, жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 13,22%) инвесторлардың назар аударғанын атай өткен жөн.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар