Мексикада ірі есірткі картелінің жетекшісі өлтірілгеннен кейін елдің бірнеше өңірінде жаппай тәртіпсіздік басталып, шетел үкіметтері өз азаматтарына шұғыл ескерту жасады, деп хабарлайды Dala News.
Мексика Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Халиско – Жаңа буын» (CJNG) картелінің басшысы Немесио Эль Менчо Осегера Сервантес әскери операция кезінде жойылған. Осыдан кейін қарулы топтар жолдарды жауып, көліктерді өртеп, бірқатар қалаларда бүлік ұйымдастырған.
Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус өңірде «қызыл код» жариялап, төтенше жағдай режимін енгізді. Билік қала көшелеріне әскери бөлімдерді шығарды. Ең ірі оқиғалар Гвадалахара мен Пуэрто-Вальярта қалаларында тіркелген.
Тәртіпсіздік Мичоакан, Колима және Тамаулипас штаттарына да таралған. Қауіпсіздік жағдайына байланысты Мексиканың бірқатар әуе компаниялары Халиско штатына рейстерін тоқтатты, ал ел бойынша автобус қатынасы бұзылған.
АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия және Үндістан үкіметтері өз азаматтарына қауіпсіздік шараларын күшейту туралы ескерту жасады. АҚШ елшілігі азаматтарға «қоршаған ортаға мұқият болуға, құқық қорғау органдары әрекет етіп жатқан орындардан аулақ жүруге және қажетсіз қозғалысты шектеуге» кеңес берді. Канада билігі Пуэрто-Вальяртада өзін-өзі оқшаулау режимі енгізілгенін хабарлап, Халискода жүрген азаматтарын жергілікті билік нұсқауларын қатаң сақтауға шақырды.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алайда сарапшылар картель басшысының жойылуы елдегі қылмыстық топтар арасындағы күш тепе-теңдігін бұзып, уақытша тұрақсыздық туғызғанын айтады.
