Бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамилла Кәрім Мәскеуде экс-күйеуі Азамат Қапеновке қарсы қозғалған сот процесінде жеңілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тамилла Кәрім мен Азамат Қапенов 2013–2019 жылдар аралығында ресми некеде болған. Екеуі де Ресей Федерациясының азаматы. 2023 жылы Тамилла Кәрім бірге жинаған мүлікті бөлу жөнінде сотқа талап арыз түсірген.
Алайда сот материалдарына сәйкес, экс-жұбай 2020 жылы ортақ мүлікті бөлісу туралы келісімге келген. Бұл келісім бойынша, Капеновтің меншігінде Мәскеудің элиталы аудандарының бірі Хорошевское Серебряный Борда орналасқан 1200 шаршы метрлік ғимарат пен оған тиесілі 2900 шаршы метр жер телімі қалған. Бұл жылжымайтын мүліктің кадастрлық құны қазіргі бағаммен 750 миллион теңгеден асады.
Сот деректерінде көрсетілгендей, келісімнің мазмұны екі тараппен бес ай бойы талқыланып, өзара мақұлданған. Дегенмен үш жылдан кейін, яғни 2023 жылы, Тамилла Кәрім осы келісімді қайта қарауды сұрап, сотқа жүгінген. Алайда сол уақытта даулы мүлік Қапеновтің атымен үшінші тұлға — Чолпон Шейшекееваға сату арқылы берілген.
Мәскеудің Мещан аудандық соты талапкердің уәжін негізсіз деп тауып, мүлікті бөлу туралы келісімді заңды деп таныды. Тамилла Кәрім бұл шешімге апелляциялық шағым түсірген, бірақ құжаттар толық ұсынылмағандықтан, шағым 2025 жылдың 26 қыркүйегіне дейін қараусыз қалдырылды.
Айта кетейік, 2024 жылы Азамат Қапенов алдымен Ресейде, кейін Қазақстанда іздеу жарияланған тұлғалар тізіміне енді. Қазақстанда оған қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сырттай қамауға алу туралы сот шешімі шыққан. Сол жылдың соңында оның бауыры Медер Қапеновке де Ресейде іздеуге жарияланды. Ағайынды Қапеновтер Қырғызстан тумасы, алайда Ресей тарапы олардың нақты қандай қылмысқа күдікті екенін жарияламаған.
Еске салсақ, Кәрім Мәсімов 2023 жылы сәуірде 18 жылға сотталды. Ол мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, қызметтік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылған.
2024 жылдың маусымында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрап өтініш жолдағанымен, бұл уәжі қанағаттандырылмаған. Сонымен қатар бұған дейін Мәсімовтің ресейлік астрологқа 200 мың доллар төлегені туралы дерек те жария болған еді.