Әлемге әйгілі америкалық рэпер Канье Уэст араға 13 жыл салып Қазақстанға қайта келуге дайындалып жатыр. Бұл жолы ол жабық кеште емес, Алматыдағы Орталық стадионда мыңдаған жанкүйердің алдында өнер көрсетпек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Концерт 2026 жылғы 14 тамызға жоспарланған. Алматы әкімдігі шараға қатысты ақпаратты растаған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концерттің өтетін күні мен орны әзірге өзгермеген.
Билет сатылымы бастапқы жоспардан бір күнге кейінге шегеріліп, 21 шілде сағат 12:00-ге ауыстырылған. Бұған «Қайрат» футбол клубымен байланысты ұйымдастырушылық мәселені талқылау себеп болған.
Канье Уэст Қазақстанға бұрын да келген
Бұл рэпердің Қазақстанға алғашқы сапары емес. 2013 жылғы 31 тамызда Канье Уэст Алматыдағы Royal Tulip қонақүйінде өткен Айсұлтан Назарбаев пен Әлима Боранбаеваның үйлену тойында өнер көрсеткен.
Жабық кештен түсірілген кадрлар кейін әлеуметтік желіге тарап, оқиға шетелдік БАҚ-тың да назарын аударды.
Сол кезде бірқатар шетелдік басылым рэпердің тойдағы өнері үшін 3 миллион долларға дейін гонорар алғанын жазған. Алайда бұл сома ресми түрде расталмады. Канье Уэстің сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен келгені туралы да ақпарат тарағанымен, оған қатысты ресми түсініктеме болмаған.

Айсұлтан Назарбаев ол кезеңде Қазақстанның тұңғыш президентінің көпшілікке танымал немерелерінің бірі еді. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздың оның үйлену тойына шақырылуы қоғамда кеңінен талқыланып, сән-салтанат пен шығын көлеміне қатысты түрлі пікір туғызған.
13 жылда көп нәрсе өзгерді
Содан бері Қазақстанның саяси өмірінде де, Назарбаевтар әулетінде де айтарлықтай өзгерістер болды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеді. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін оның бірқатар ресми мәртебелері мен өкілеттері тоқтатылды.
Айсұлтан Назарбаев 2020 жылғы 16 тамызда Лондонда 29 жасында қайтыс болды.
Енді Канье Уэст Қазақстанға мүлде басқа форматта оралмақ. 2013 жылы оның өнерін тек жабық той қонақтары тамашаласа, бұл жолы концерт көпшілікке арналған.
Ұйымдастырушылардың алғашқы мәліметі бойынша, билет бағасы 120 мыңнан 350 мың теңгеге дейін белгіленген.
Алматыдағы шоу Ye-дің әлемдік туры аясында өтуі жоспарланып отыр. Концерт бағдарламасына оның әр жылдары жарық көрген танымал әндері енуі мүмкін. Рэпердің соңғы концерттеріндегі басты ерекшеліктердің бірі – ауқымды визуалды қойылымдар мен сахналық шешімдер.